Shell мен Chevron бастаған компаниялар Қазақстанға енді қыруар қаржы төлеуге мәжбүр болады

05.02.2026 19:30 Арман Ермеков
Shell мен Chevron бастаған компаниялар Қазақстанға енді қыруар қаржы төлеуге мәжбүр болады
57
Фото: «ҚазМұнайГаз»

Лондондағы халықаралық арбитраж Қазақстан үкіметінің шетелдік инвесторларға қарсы талап арызын қанағаттандырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстан мұнай саласындағы әділдікті қалпына келтіру жолында маңызды жеңіске жетті. «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумының акционерлері енді елімізге қомақты өтемақы төлеуге міндеттеліп отыр. Bloomberg агенттігінің дерегінше бұл сома шамамен 2-4 миллиард долларды құрауы мүмкін.

Даудың төркіні өнімді бөлу туралы келісімге келіп тіреледі. Шетелдік инвесторлар кен орнын игеру кезіндегі шығындарын негізсіз өсіріп көрсеткен. Астана осыған дейін серіктестерді өтелмеуі тиіс шығындарды заңсыз түрде өтетпек болды деп айыптаған еді. Лондон соты Қазақстан үкіметінің уәжімен толық келісті. Арбитраж инвесторлардың көрсеткен шығындарының басым бөлігін мемлекет есебінен өтеуге болмайтынын анықтады.

Бұл істе ірі алпауыттар жауапкер болды. Консорциумның негізгі акционерлері қатарында Shell, Eni, Chevron және Лукойл компаниялары бар. Олар енді даулы қаржыны қайтаруға және мұнай мен газдан түсетін пайданы бөлу формуласын өзгертуге мәжбүр болуы ықтимал.

Халықаралық сотта ел мүддесін «PSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қорғады. Бұл Энергетика министрлігіне қарасты құрылым және ол мұнай-газ жобаларындағы мемлекеттің үлесін қадағалайды. Ұйымды Бекет Ізбастин басқарады. Дәл осы Бекет Ізбастин жетекшілік ететін команда инвесторлардың қаржылық құжаттарына ревизия жүргізіп заңсыздықтарды әшкерелеген. Нәтижесінде мемлекетке орасан зор пайда әкелетін сот шешімі шығып отыр.

Саясаттанушы Асхат Қасенғали адамзат тарихындағы энергия көздерінің өзгеруіне тоқтала келе, мұнай саласындағы мүдделер қақтығысы заңды құбылыс екенін айтады.

«ХХ ғасырға дейін адамзат кит аулаумен күн көрді. Энергияның негізгі түрі ретінде кит майын қолданды. Бұл сәтте теңіз жағалауындағы мемлекеттер кит аулайтын арнайы компанияларды ашып, әрекет етті. Майды мемлекетке сататын.  Дау-дамай көп болатын. Рұқсатсыз кит аулау, майы сапасыз және басқа дегендей. Компаниялар мен мемлекет арасында Соттар да жүріп жататын. Кейін көмір көп өндіріліп, киттің майын адамзат энергия ретінде қолдану азайды. Одан кейін мұнай шықты. Бірақ түрлі талас-тартыс тоқтаған емес. Мұнай әлі күнге дейін әлемдегі энергияның басты көзі болып қалуда. Бюджетінің басым бөлігін мұнайдан түсетін қаржы құрайтын елдің бірі бізбіз», – дейді сарапшы.

Заңгер Ляззат Ахатова Шерхан Мұртазаның «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз» деген сөзін мысалға келтіріп, отыз жылдық жемқор жүйенің салдарынан халық несібесінен айырылып келгенін айтады.

«Қазақтың қара алтыны - мұнайының қызығын кімдер көрмеді? Өзімізден басқаның бәрі көрді ғой. Жерінде сонша  байлық жатқанмен, несие мен қарыздан көз ашпаған қазақ қана шығар. Отыз жылдық жемқор жүйенің  халқына жасаған қиянатының ең үлкені осы болса керек. Шетелдік инвесторлардың қызығатын ең бірінші байлық та осы мұнай емес пе? Миллион, млрд.емес, триллиондап пайда түсіп жатқан бағалы сектор, өйткені. Біз осы шетелдіктер  десе, өркениетті елдің өкілдері, шетінен сауатты, адал, әділ, іскер, теу заң шеңберінде жұмыс істейді деп қабылдаймыз ғой. Алаяқтар ірі инвесторлардың ішінде де баршылық екен). Ескі жүйенің жемқорлығының арқасында  халық қазынасы осылай тоналып жатқан! Отыз жылдан астам қазақ мұнайын - қара алтынымызды қалауынша игеріп жатқан шетелдік компаниялармен есеп айырысу процесін бастауды, яғни түбегейлі тексеріс жүргізуді 2022 жылы  Тоқаев Үкіметке тапсырған болатын», – дейді Ляззат Ахатова.

Бұл жеңісті Мемлекет басшысының тапсырмасының нақты орындалуы деп бағалауға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін отыз жыл бұрын жасалған ескі келісімдерді қайта қарау қажеттігін ескерткен еді. Жер қойнауының байлығы халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс деген талап осылайша жүзеге асып жатыр.

Айта кетейік. Бұл мұнай алпауыттарымен болған соңғы дау емес. Алда «Қашаған» кен орны бойынша 160 миллиард долларлық тағы бір ірі сот процесі күтіп тұр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий