Shoqan MUN конференциясында алматылық оқушылар әлем тағдырын талқылады
Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының білім беру форматындағы дипломатиялық үлгісі – Shoqan MUN конференциясы өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Екі күнге созылған іс-шара 2026 жылдың 24–25 қаңтар күндері өтті.
Конференцияға 8–11 сыныптарда оқитын 160 оқушы делегат ретінде қатысты. Формат талаптарына сәйкес, мектеп оқушылары әртүрлі мемлекет өкілдерінің рөлін сомдады. Жұмыс БҰҰ комитеттері аясында жүргізіліп, қатысушылар халықаралық қауіпсіздік мәселелері мен жаһандық қақтығыстарды реттеу жолдарын талқылады. Келіссөздер барысында жас дипломаттар қазіргі әлемдегі мемлекеттердің жауапкершілігі мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызын қарастыра отырып, қорытынды резолюциялар әзірлеп, қабылдады.
Іс-шараның ашылу салтанатына құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы әрі ұйымның жаһандық коммуникациялар департаменті өкілі Властимил Самек болды. Сондай-ақ іс-шараға Нигерия Республикасының Қазақстандағы консулдық өкілі Ричард Аги қатысты.
MUN бағдарламасы оқушылардың стратегиялық ойлау қабілетін және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталды. Оқушылар өз ұстанымдарын дәлелдеуге, пікірталас мәдениетін сақтауға және ортақ шешімдерге қол жеткізу үшін командамен жұмыс істеуге машықтанды. Ұйымдастырушылар жобаның өскелең ұрпақтың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Білім беру жобасы мектеп педагогтары мен ұйымдастырушы команданың қолдауымен «Дәстүрге сүйене отырып, болашақты қалыптастырамыз!» ұранымен жүзеге асырылды. Іс-шараға QOS Education компаниясы, Dodo Pizza және Tassay су бренді демеушілік көрсетті.
Соңғы жаңалықтар