Қарақия әкімі күдікке ілінген іске қатысты бейнежазба тарады (ВИДЕО)
Қарақия ауданының әкімі Жансейт Қайнарбаев пен Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновке қатысты іс бойынша жаңа бейнежазба пайда болды. Оны блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бейнежазбада көшедегі бақылау камераларына түсіп қалған кадрлар көрсетілген. Онда автокөлік пен топтасқан адамдарды көруге болады.
Азамат Сәрсенбаев бұған дейін Жансейт Қайнарбаев пен Манарбек Бисекеновтің ұсталғаны туралы алғашқылардың бірі болып хабарлаған еді.
Блогер жаңа бейнежазбаға қатысты жазбасында Ақтауда 90-жылдардағыдай жағдай болғанын айтты. Оның сөзінше, адам ұрлау ісіне Қайнарбаев пен Бисекеновтен бөлек, тағы бірнеше адам қатысқан.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) редакциямыздың сауалына жауап беріп, Жансейт Қайнарбаев пен Манарбек Бисекеновке қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатқанын растаған.
Олардың мүддесін қорғайтын адвокат Айбек Сүйіндіков екі азаматты қамауда ұстауға санкция берілгенін хабарлаған еді.
Дереккөздердің мәліметінше, 25 қазанда екі азамат адамды күштеп ұстап, қала сыртына алып шықпақ болған. Алайда оларды жолда ҰҚК қызметкерлері ұстаған. Бұл іс бойынша 8 адамның ұсталғаны туралы ақпарат тараған.
Соңғы жаңалықтар