Тоғыз күнде екінші өлім: Хромтаудағы шахтада жұмысшы қаза тапты
29 қазанда Хромтау қаласындағы «Қазхром» компаниясының Дон тау-кен байыту комбинатына қарасты шахтада қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Вагондарды тіркеу кезінде жарақат алған жұмысшының өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Бұл – соңғы тоғыз күн ішінде комбинатта тіркелген екінші өліммен аяқталған оқиға.
Компанияның мәліметінше, оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада болған. Вагондарды тіркеу жұмыстарын орындау кезінде тау-кен жұмысшысы жарақат алған. Оқиғадан кейін ол Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ер адам көз жұмды.
«Қазхром» компаниясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Арнайы тергеп-тексеру жүргізу үшін комиссия құрылады. Оның құрамына Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің өкілдері кіреді.
Оқиға туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланған. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.
Соңғы жаңалықтар