550 мың теңге үшін қылмысқа барған: Ресейде қазақстандық машинист сотталды

550 мың теңге үшін қылмысқа барған: Ресейде қазақстандық машинист сотталды
Фото: Politico.kz

Ресейдің Омбы облысында Қазақстан азаматы заңсыз мигрантты ел аумағына кіргізуге көмектескені үшін 2 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол Ресей теміржолында локомотив бригадасының машинисі болып жұмыс істеген.

Сот мәліметінше, оқиға 2023 жылдың наурызында болған. Қазақстандық машинист сыбайластарымен бірге Ресейге кіруге тыйым салынған шетел азаматын ел аумағына заңсыз өткізуге келіскен. Бұл қызметі үшін олар 100 мың рубль, яғни шамамен 550 мың теңге алған.

Тергеу деректеріне сәйкес, машинист заңсыз мигрантты жүк вагонына кіргізіп, шекарашыларды алдау үшін оған пойыз бригадасы қызметкерінің киімін берген. Осылайша, олар шетел азаматын шекарадан заңсыз өткізуге әрекет жасаған.

Сот ер адамның кінәсін толық мойындағанын, тергеуге белсенді көмектескенін және қылмыстық схемаға қатысы бар өзге адамдарды әшкерелеуге ықпал еткенін ескерген. Сондай-ақ оның тергеуге дейінгі ынтымақтастық туралы келісім жасасқаны назарға алынған.

Нәтижесінде сот Қазақстан азаматын кінәлі деп танып, 2 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу