ШҚО-да алты баланың анасын бұрынғы күйеуі бауыздап тастай жаздады

03.08.2026 18:37 Қарақат АСЫЛОВА
ШҚО-да алты баланың анасын бұрынғы күйеуі бауыздап тастай жаздады
449
Иллюстрация/Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылында ер адам бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасап, құлағын кесіп алған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әйелдің өзі TikTok-та мәлімдеді. Мадина Нұрғалиеваның сөзіне қарағанда 2026 жылдың 25 шілдесінде кафедегі жұмысынан дүкенге шыққан сәтте бұрынғы күйеуі оған тап берген. Ер адам оның мойнына пышақ тақаған кезде жәбірленуші барынша қорғанып үлгергенімен, шабуылдаушы оның құлағының бір бөлігін кесіп, бірнеше жерінен жарақаттап үлгерген. Қазіргі уақытта 6 баланың анасы ауруханада жатыр.

Жәбірленушінің айтуынша бұрынғы күйеуі осыған дейін де бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткен, алайда тәртіп сақшылары оның арыздарын елеусіз қалдырып келген көрінеді.

«Осыған дейін ол маған пышақпен бірнеше рет қорқытқан болатын, бірақ полицияға барғанымда қызметкерлер тек күліп, арызымды елеусіз қалдырды. Олардың толықтай әрекетсіздігі мен салғырттығы осындай жағдайға алып келді, мен өзімнің және 6 баламның өмірі үшін қатты қорқамын», – деді Мадина Нұрғалиева.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті тілшімізге бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, күдіктінің 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғанын растады. Ведомство мәліметінше қазіргі уақытта Самар аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Құқық бұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша хаттама толтырылды, қазіргі уақытта тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті әрекеттер жалғасуда. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес жария етілмейді», – деп мәлімдеді полициядан.

Войдите, чтобы оставить комментарий