Шу тұрғындары дабыл қақты: Қытай зауытынан тараған иіс жұртты алаңдатып отыр

27.08.2026 18:11 Қарақат АСЫЛОВА
Шу тұрғындары дабыл қақты: Қытай зауытынан тараған иіс жұртты алаңдатып отыр
276
Фото-коллаж: Politico.kz

Жамбыл облысындағы Шу қаласы мен маңайдағы елді мекендердің тұрғындары қытайлық компанияға тиесілі зауыттан тарайтын жағымсыз иіске қатысты дабыл қағуда, деп хабарлайды Politico.kz сайты “HALYQSTAN” Telegram арнасына сілтемемен.

Тұрғындардың айтуынша, кешкі уақытта ауаны өткір иіс басып, үйде терезе ашып отыру мүмкін болмай қалады. Кейбір азаматтар жағымсыз иістен кейін бас айналып, жүрегі айнып, әлсіздік сезінетінін айтқан.

Әңгіме Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Shengtai Biotech Co. Ltd. кәсіпорны туралы болып отыр. Зауыт жүгеріні терең өңдеп, валин, треонин, глутамин, цитруллин секілді аминқышқылдарын өндіруге бағытталған.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3 миллион тоннаға дейін жүгеріні өңдеуге жетеді. Жоба Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия өңірінде де BCAA санатына жататын аминқышқылдарын өндірудің алғашқы бастамаларының бірі ретінде ұсынылған. Өнімді шетелге экспорттау жоспарланып отыр.

Зауыт орналасқан кешеннің аумағы шамамен 400 гектарды қамтиды. Мұнда өндірістік нысандармен бірге қызметкерлерге арналған инфрақұрылым да бар.

Дегенмен өндірістің ауқымына қарамастан, жергілікті тұрғындарды экологиялық жағдай алаңдатып отыр. Олар иістің нақты себебін анықтау үшін тәуелсіз сарапшыларды шақырып, атмосфералық ауаға зерттеу жүргізуді сұрайды. Әсіресе өлшеулер иіс күшейетін уақытта жасалуы керек деп есептейді.

Ал Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков бұған дейін ауданға эколог мамандар келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жүргізілген тексеруден кейін мамандар жағымсыз иістің адам денсаулығына қауіп төндірмейтінін айтқан.

Алайда тұрғындар нақты қандай заттың иіс таратып отырғаны анықталмағанына және тексеру нәтижелерінің толық жарияланбағанына наразылық білдіруде.

Бұған қоса, тұрғындардың айтуынша, зауыт аумағы жабық нысан саналады және оған арнайы рұқсаты жоқ адамдар кіре алмайды. Осыған байланысты халық кәсіпорын жұмысының қоршаған ортаға әсері туралы ашық ақпарат беруді талап етіп отыр.

Шу ауданының тұрғындары Үкіметке, Бас прокуратураға және Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бейнеүндеу жасап, мәселені тәуелсіз тексеруді сұрады.

Қазір тұрғындар жауапты органдардың нақты шешімін күтуде. Себебі аудан аумағында 106 мыңнан астам адам тұрады. Халық үшін өндірістің экономикалық пайдасымен қатар, қоршаған орта мен қауіпсіздік мәселесі де маңызды болып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий