Щучинскіде 12 адамның өмірін қиған дәмханадағы жарылысқа қатысты сот басталды

26.06.2026 10:37 Қарақат АСЫЛОВА
Щучинскіде 12 адамның өмірін қиған дәмханадағы жарылысқа қатысты сот басталды
131
Фото: Бейнеден алынған скрин

Бурабай аудандық сотында ақпан айында Щучинск қаласындағы дәмханада 12 адамның өмірін қиған жойқын жарылысқа қатысты алғашқы тыңдалым өтті, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Айыпталушылар орындығында «Центр плова» дәмханасының 39 жастағы иесі, автогаз құю станциясының директоры және газ баллонын жеткізуші отыр. Үйқамақтағы баллон тасушы өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейтінін мәлімдесе, дәмхана иесі түсініктемені толықтай кейінірек беруге рұқсат сұраған.

Алғашқы отырыста қайғылы оқиғадан зардап шеккен жәбірленуші тарап тыңдалып, олар ауыр күндерді көз жасымен еске алды.

"Қазір жағдайым жақсы. Қолым жазылып келеді. Соттан әділ шешім күтеміз. Өрт болмастан, 20 минут бұрын тамақтануға келген едік. Тамаққа тапсырыс беріп отырдық. Өрт болғанда тек көзім мен бетімді жауып үлгердім. Басқа ештеңе есімде жоқ. Ауруханада 35 күн жаттым. Оның бәрін есіме алғым келмейді", — деді жәбірленуші Сайлау Рахымжанов.

Прокурордың мәліметінше, апатқа газ баллондарын толтыру мен қолдану талаптарының сақталмауы себеп болған.

"Хасан Мұсхажиев өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға жауапты тұлға бола тұра оларды бұзды, яғни абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіріп, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқты деген айып тағылуда. Виктор Добровский мен Жеңіс Сегізбаев тұтынушылардың қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызметтерді көрсетіп, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қылмыс жасады", — деді прокурор Елена Сайлаубекова.

Еске салайық, ақпан айындағы жарылыс кезінде ғимарат ішінен 50 литрлік бес газ баллоны шығарылып, салдарынан 28 адам түрлі жарақат алып, 12 адам көз жұмған болатын, қаза тапқандардың басым бөлігі дәмхана қызметкерлері еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий