"Шыдашы, құрттай ғана қалды": Каспийдегі апаттан аман қалған сарбаздың анасы тылсым жайтты баяндады

Фото: Алаш коллажы

Каспий теңізіндегі апаттан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова ұлының қиын сәтте ажалдан қалай құтылғаны және төтенше жағдай кезінде орын алған жұмбақ оқиға туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Анасының айтуынша, емдеу мекемесінде жатқан сарбаз сол түні өзіне әскери қызметтес досы Бекеттің даусы рух беріп, аман қалуына көмектескенін айтып берген. Ауыр сынақ кезінде қасынан естілген айқай оған жігер сыйлаған.

«Ақжолдың айтуынша, ең қиын сәтте оған Бекет көмектесіп, жігер берген. "Ақжол, Досым, шыдашы, құрттай ғана қалды!" деп айқайлаған дауысы оған күш берген екен», – деп еске алды Самал Кеуелова.

Кейін Бекет пен Никита есімді өзге де сарбаздардың ауруханаға түскенін естіген ана жауынгерлер бір-бірін көріп, қауышсын деген ниетпен арнайы дастарқан жайған. Алайда осы жүздесу кезінде сарбаздардың өзара әңгімесінен күтпеген жайт анықталған. Ақжол мен Бекет ешқашан бір-біріне "Досым" деп тіл қатпайтыны белгілі болған. Тіпті Бекет апат болған сәтте Ақжолды мүлде көрмегенін жеткізген. Бірақ аман қалған сарбаз бұл сөзді өте анық естігенін айтқан.

«Құлағында қалған сөз – "Ақжол, Досым, шыдашы!" Осыны естіген сәтте ойыма бірден Азамат түсті… Өйткені Азамат Ақжолға үнемі "Досым" деп сөйлейтін еді ғой», – деп жазды сарбаздың анасы.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу