Шымкентте бойжеткеннің өлімінен кейін изолятор қызметкерлері ұсталды

30.07.2026 15:38 Әсел МҰРАТ
Шымкентте бойжеткеннің өлімінен кейін изолятор қызметкерлері ұсталды
161
Фото: ашық дереккөз

Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында 22 жастағы Сәния Жұбанышеваның қайтыс болуына байланысты изолятордың бірнеше қызметкері ұсталды. Олардың қатарында кезекші көмекшісі Мұхтар Шамсудинов та бар. Оған салғырттық танытты деген күдік келтіріліп, қамауға алынған. Алайда оның адвокаты Талғат Есімов полицейдің кінәні өз мойнына «артып қоюға» тырысып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Адвокат не дейді?

Сәния өзін нашар сезініп, дәрі қабылдаған түні Шамсудинов уақытша ұстау изоляторында кезекшілікте болған. Адвокаттың айтуынша, тергеу қызметкерді салғырттық жасады деп айыптап отыр. Яғни ол бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің дәрі қабылдап жатқанын көруі керек болған деген болжам бар.

Алайда қорғаушы мұндай тұжырыммен келіспейді.

«Мәселенің түп-тамырына үңілу қажет. Сәния Жұбанышеваны ұстауға бастапқыда кім жауапты болды? Тергеушінің бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу туралы өтінішін сот алдында кім қолдады? Қамауға алуға кім санкция берді? Қыздың өз уәждерін кім елемеді?» – деді Талғат Есімов.

Адвокаттың сөзінше, бастапқы іс бойынша жәбірленуші деп танылған жас жігіттің Сәнияға ешқандай талабы болмаған. Соған қарамастан, бірнеше күннен кейін қыз ұсталып, кейін сот оны екі айға қамауға санкция берген.

Сәния Жұбанышева қалай қайтыс болды?

Сәния Жұбанышева 15 мамырда Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында өзін нашар сезінгеннен кейін қайтыс болды. Ресми нұсқа бойынша, қыз жүрекке арналған дәрілерді көп мөлшерде қабылдаған.

Алайда Сәнияның анасы Зухра Сопыбекова бұл нұсқамен келіспейді. Ол бейнебақылау камераларындағы толық жазбаны көрсетуді талап етіп отыр. Отбасы дәрілердің көп мөлшері камераға қалай кіргенін және қыздың жағдайына не себепті дер кезінде ешкім араласпағанын анықтауға тырысуда.

Сәния уақытша ұстау изоляторына түспей тұрып, кәмелетке толмаған балаға ауыр дене жарақатын салды деген күдікке ілінген. Ал қыздың өзі зорлауға әрекет жасалғанын айтқан.

Сәния қайтыс болғаннан кейін уақытша ұстау изоляторы қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тергеу басталды. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий