Шымкентте Нұрайды өлтірген жігіт өмір бойына сотталуы мүмкін

04.02.2026 20:04 Арман Ермеков
Шымкентте Нұрайды өлтірген жігіт өмір бойына сотталуы мүмкін
735
фото-коллаж: politico.kz

Шымкентте қатыгездікпен өлтірілген Нұрай Серікбайдың ісі бойынша кінәлі жігітке тағылған айып ауырлады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров тергеу барысында қылмыстық іс қайта сараланғанын мәлімдеді. Енді күдікті Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағы, яғни «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Бұған дейін іс «Адам өлтіру», «Неке қиюға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» баптарымен қаралған еді.

Жаңа бап бойынша күдікті мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Нұрайға қаза келтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза алып, қалған өмірін түрмеде өткізу тиіс. Жас қызды некеге тұруға мәжбүрлеп, ол көнбеген соң, қыр соңына түсіп, сталкинг жасап, ақырында аса қатыгездікпен адам өлтірді. Қылмыскердің бұл әрекеті - қай жағынан алып қарасақ та, ешбір ақтауға келмейді. Осы бойынша сот отырыстары ашық өткізіліп, тікелей эфир арқылы елге көрсетілуі тиіс деп санаймын! Бұл - менің жеке пікірім!

Әділдік жолындағы жұмысымыздың нәтижесі деп есептейміз! Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі жаңадан тағайындалған орынбасары Е.Ережепов пен Тергеу басқармасының бастығы Ж.Құлмаханға ризашылығымды білдіремін! Енді іс бойынша толықтылық пен жан-жақтылық қамтамасыз етіледі деп сенеміз...», – деп жазды Аянхан Омаров.

Бұл оқиғаның алғышарты 2024 жылдың қазан айында басталған. Сол кезде Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды күштеп алып қашпақ болған. Алайда қыздың отбасы оны үйіне қайтарып, полицияға арызданған. Бірақ ол кезде қылмыстық іс қозғалмапты.

Қайғылы жағдай биыл 11 қаңтарда болды. Шымкенттің орталығында бұрын қызды қорқытып, соңынан қалмай жүрген Шерхан Аймахан оған пышақ салып өлтірді. 28 жастағы күдікті екі күннен кейін қаладан 10 шақырым жерде ұсталды.

Бұл іс Мемлекет басшысының назарына ілікті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасының шағымы кезінде қаралмағанына байланысты полицияның әрекетін тексеруді тапсырды. Президенттің сынынан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылары қызметтен босатылып, салғырттық танытқан қызметкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ марқұмның туыстары полицияны Нұрайдың жауап берген видеосын заңсыз таратты деп айыптап отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий