Шымкентте қайыр сұраған әйелдің жанындағы бала біреудің баласы деген рас па?
Шымкентте көшеде садақа сұрап отырған әйелдің қолындағы бала жоғалған балалардың бірі деген қауесет тарап, полиция оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Шымкент қаласындағы еріктілер ұйымының өкілдері әлеуметтік желіде жерасты өткелінде садақа сұрап отырған әйел мен оның жанындағы бала туралы жазба жариялағаннан кейін қоғамда түрлі пікірталас туындады. Жазбада баланың анасы туралы сұрағына тек бас изеп жауап бергенін және екеуінің де орыс тілін білмейтінін айтып, сәбидің басқа біреудің жоғалған баласы болуы мүмкін екенін болжаған.
Бұл ақпарат таралғаннан кейін желі қолданушылары баланы бұған дейін іздеуде болған немесе қайтыс болды деп танылған балаларға ұқсатып, қайыршылар оларды ұрлап әкетіп, тыныш отыруы үшін есірткі беріп қояды деген түрлі қауесеттер тарата бастады.
Аталған жағдайға қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті түсініктеме беріп, әйелдің жанындағы баланың өзге біреудікі деген ақпаратты толықтай жоққа шығарды.
«Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлері дереу қажетті шараларды қабылдады. Әйелдің шетел азаматы екені белгілі болды. Оның жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде болуын растайтын құжаттарының жоқтығына байланысты, ол барлық мән-жайлар анықталғанға дейін қабылдау-тарату орталығына орналастырылды. Әйелдің жанындағы баланың оның ұлы емес екені туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда бала әкесімен бірге», – делінген департамент таратқан хабарламада.
Соңғы жаңалықтар