Шымкентте спорт шеберін ұрлап өлтірген 6 адам сотталды

Шымкентте спорт шеберін ұрлап өлтірген 6 адам сотталды
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Шымкентте 40 жастағы күрес шебері Василий Колесниковті ұрлап, өлтірген алты адам 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі бүгін, 4 қарашада жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Еске салайық, қайғылы оқиға 20 қаңтарда Шымкенттегі Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Қылмыскерлер әуелі жол апатын қолдан ұйымдастырып, кейін бетперде киіп Василий мен екі досына шабуыл жасаған. Бірі қашып құтылса, екіншісі ауыр жарақатпен ауруханаға түскен.

Ал белгілі күрес бапкері Александр Колесниковтің ұлы Василий Колесниковті күштеп көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткен. Кейін оның мәйіті Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы аурухана маңынан табылған.

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 6 айыпталушыны кінәлі деп танып, мынадай жаза тағайындады:

  • Мақсұт Арысбаев – 23 жыл;
  • Рауан Іңкәрбеков – 22 жыл;
  • Дархан Қызбалаев – 22 жыл;
  • Әлихан Ерімбет – 21 жыл;
  • Жанділдә Қуандықов – 20 жыл 6 ай;
  • Бекасыл Жұманазар – 20 жыл.

Сот олардың адам өлтіру, адам ұрлау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бұзақылық әрекеттері бойынша кінәсі дәлелденгенін анықтады. Кейбір айыптар алынып тасталды. Жаза тағайындау кезінде 3 сотталушының бұрын да қылмыстық жауапқа тартылғаны ескерілді.

Сондай-ақ сот жәбірленуші Мақсат Көшкенбаевтың талабын ішінара қанағаттандырып, моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге, заңгерлік көмек шығындары үшін 4 миллион теңге өндіріп беруді шешті.

Бұдан бөлек, сот тергеу кезіндегі заңбұзушылықтар мен пробациялық бақылаудағы кемшіліктерге байланысты екі жеке қаулы шығарды. Ал іс бойынша тәркіленген көліктерді иелеріне қайтаруға шешім қабылдады.

Бұл іс бойынша тағы бір күдікті Марат Дауласов іздеуде жүр. Ал тергеуде «Баха» деген атпен белгілі адамның кім екені әзірге анықталмаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу