Шымкентте дәрігерлердің салғырттығынан төрт айлық сәбидің аяғы кесіліп, комаға түсті

Шымкентте дәрігерлердің салғырттығынан төрт айлық сәбидің аяғы кесіліп, комаға түсті
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 4 айлық сәбиге катетерді дұрыс салмау салдарынан оның аяғы кесіліп, жағдайы ауырлаған, деп хабарлайды Politico.kz

Бұл туралы баланың анасы  Threds желісінде үндеу жариялады.

Келіншек аурухана қызметкерлерінің салғырттығы баланың өміріне қауіп төндіргенін мәлімдеп, жағдайдың мән-жайын баяндады.

​«Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының 7-бөлімше меңгерушісі Гүлжанның және катетер салған медбикенің кесірінен баламның аяқ бармағы кесілді. Небәрі 4 айлық сәбиім қазір Алматыдағы аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр, комаға түскеніне екінші айға кетті. Қызуы қайта-қайта көтеріле берген соң екпе сала бергендіктен, балам сепсиске шалдықты. Қойылған катетердің әсерінен аяғы көгеріп, іріңдеп кеткен соң кесуден өзге амал қалмады», – деп мәлімдеді баланың анасы. 

Аталған шағымға байланысты Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы ресми жауап беріп, оқиға бойынша қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.

«Балаңыздың денсаулығына қатысты көтерген мәселеңіз назарға алынды. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының бұйрық негізінде құрылған комиссия тарапынан қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша жағдайға жан-жақты баға беріліп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу