14 әскери қаза тапқан оқиға: Бектенов әскердегі кемшіліктерді атады
Каспий теңізінде 14 әскери қызметшінің қаза табуына қатысты Қорғаныс министрлігін тексеру кезінде бірқатар елеулі кемшілік анықталды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, әскерде оқу-жаттығу кезіндегі қауіп-қатерге жеткілікті мән берілмеген, ал қауіпті жағдайда жаттығуды дер кезінде тоқтату мәселесі тиісті деңгейде қадағаланбаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Үкімет басшысы Құрылтай депутаты Аббат Үрісбаевтың сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Бұған дейін депутат Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғадан кейін әскери және құтқару жаттығулары кезінде қауіпсіздік талаптарын күшейтуді ұсынған еді. Мәселен, ол ұшқышсыз ұшу аппараттарын, адамның орналасқан жерін анықтайтын құрылғыларды және басқа да заманауи технологияларды кеңінен қолдану қажеттігін көтерді.
Сондай-ақ депутаттың пікірінше, ауа райы, желдің жылдамдығы, айналаның көріну деңгейі мен теңіздегі жағдай туралы мәліметтер басқару орталығына үздіксіз түсіп отыруы керек. Ал қауіп күшейсе, оқу-жаттығудың қауіпті кезеңі дереу тоқтатылуға тиіс.
Бектеновтің жауабынан белгілі болғандай, әскерде мұндай технологиялар қазірдің өзінде қолданылады. Қарулы күштерде әуеден бақылау жүргізетін ұшқышсыз жүйелер бар. Ал күштік құрылымдардың кейбір бөлімшелерінде әскери қызметшінің қайда жүргенін және денсаулық жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін жеке құрылғылар пайдаланылады.
Бұған қоса, күштік органдар «Қазгидрометпен» бірлесіп жұмыс істейді. Ауа райының өзгеруі мен дауылды ескертулер туралы ақпарат тұрақты түрде беріліп отырады.
Алайда осы мүмкіндіктердің болғанына қарамастан, Маңғыстаудағы қайғылы оқиғалар әскери жаттығуларды ұйымдастыруда жүйелі мәселелер барын көрсеткен.
«Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауды ұйымдастыруда, ықтимал тәуекелдерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел ден қоюға дайындықта кемшіліктер бар екені анықталды», – делінген премьер-министрдің жауабында.
Бектеновтің айтуынша, қауіпті жағдайларға жеткілікті назар аударылмаған. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалау мен қажет кезде оқу-жаттығуды тоқтату туралы дер кезінде шешім қабылдауда кемшіліктер болған.
Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әскери реформа жоспарының жобасы әзірленген. Онда әскерді басқару жүйесін жетілдіру, оқу-жаттығуларды жоспарлау тәртібін біріздендіру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен еді.
Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілер суға кеткен.
Үш адам құтқарылды. Өкінішке қарай, қалған 14 әскери қызметші қаза тапты.
Осы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін жан-жақты тексеруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы әскерде жүйелі мәселелер бар екенін айтып, әскери қызметшілердің қазасын офицерлердің, соның ішінде генералдардың кәсіби біліксіздігімен байланыстырған.
Кейін Қорғаныс министрлігінде кадрлық өзгерістер болды. Президент қорғаныс министрін ауыстырып, оның жаңа орынбасарларын тағайындады.
Ал 21 қазанда Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Әскери реформа жоспары мақұлданды. 24 қазанда Қорғаныс министрлігі оны жүзеге асыруға кіріскенін хабарлады.
Соңғы жаңалықтар