Шымкентте зорлыққа ұшырап, қан-жоса болған қыздың жарақатын сараптама «жеңіл» деп бағалаған

04.11.2025 11:11 Әсел Мұрат
Шымкентте зорлыққа ұшырап, қан-жоса болған қыздың жарақатын сараптама «жеңіл» деп бағалаған
0
89

Шымкентте бойжеткенге жыныстық зорлық жасалды деген күдікпен қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Алайда алғашқы сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денесіндегі ауыр жарақатты «жеңіл» деп бағалаған. Ал заңгер бұл қорытындымен келіспей, комиссиялық сараптама тағайындауды талап етіп отыр. 

Заңгер Айгүл Орынбек желіде жәбірленуші түсірілген видеоны таратты. Кадрдан қан-жоса болып жерде жатқан қыз бен шашылған үйді көруге болады. Заңгердің айтуынша, осындай дәлел бола тұра алғашқы сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денесіндегі ауыр жарақатты «жеңіл» деп бағалаған. 

«Іс бойынша азаматшаға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Жәбірленушіде айтарлықтай дене жарақаты бар екені анық. Дегенмен алғашқы сот-медициналық сараптама «жеңіл жарақат» деген қорытынды берді. Біз мұнымен келіспей, комиссиялық кешенді сот-медициналық сараптама тағайындау туралы өтініш жасадық. Алайда тергеуші бұл өтінішті қанағаттандырусыз қалдырды. Осыған байланысты прокуратураға жүгіндік. Жауап бойынша Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Мараттың рұқсатынсыз сараптаманы қайта тағайындау мүмкін емес екен», – дейді адвокат.

Осылайша адвокат Бас прокурор Берік Асыловқа жүгініп, көмек сұрады. 

«Берік Асылов мырза, комиссиялық сараптаманы тағайындау үшін нақты қандай процессуалдық талапты орындау қажет? Шымкент қаласында тергеу органдары деңгейінде мұндай бюрократиялық кедергілер қашан тоқтайды? Әлде комиссиялық сараптама тағайындау үшін де пара беру керек пе? Жәбірленушінің туыстары видеоны жариялаңыз ел көрсін, Шымкент прокуратурасының жұмысына баға берсін деген соң шығарып отырмын. Сондықтан біз қолымыздағы видеоматериалды желіге жариялап, процессуалдық шешімдердің заң аясында әділ қабылдануына ықпал етуді көздеп отырмыз», – деп жазды заңгер. 

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, қамауға алынған. 

“Бұл оқиға 12 қыркүйекте болды. Күдікті сол күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс материалдарының толықтығын қамтамасыз ету үшін дәлелдемелер базасын нығайту бойынша қосымша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Күдікті әлі күнге дейін қамауда”, – делінген хабарламада.
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий