Си Цзиньпин Қытайдың ең жоғары орденін ұлты қазақ дәрігеріне табыстады

02.07.2026 13:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Си Цзиньпин Қытайдың ең жоғары орденін ұлты қазақ дәрігеріне табыстады
145
Фото: Xinhua

Бейжіңдегі Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығына арналған жиында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ұлты қазақ дәрігер Оқас Сүлейменді елдің ең жоғары марапаты саналатын «1 шілде» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Politico.kz.

Халық жиналысы сарайында өткен салтанатты шарада мемлекет дамуына үлес қосқан 8 азаматқа марапат табысталды және олардың қатарында Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданындағы мал шаруашылығы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Оқас Сүлеймен де бар. Дәрігер 40 жылдан астам уақыт бойы шекаралық аймақтардағы алыс жайлаулар мен қыстауларды жаздың ыстығы мен қыстың суығына қарамастан атпен аралап, халыққа үзіліссіз медициналық көмек көрсетіп келген.

Тәжірибелі маман 1975 жылдан бері 100 мыңнан астам науқасты емдеп, мыңдаған ауыр халдегі адамның өмірін сақтап қалды және 3 200 нәрестенің дүниеге келуіне тікелей көмектескен. Өзінің осындай өлшеусіз еңбегі үшін ол бұған дейін де денсаулық сақтау саласы мен ұлттар бірлігіне арналған бірнеше ірі мемлекеттік медальдарды иеленген болатын.

Жалпы 2017 жылы бекітілген «1 шілде» ордені әр 5 жыл сайын ерекше еңбек сіңірген тұлғаларға ғана беріледі. Осы уақытқа дейін 2 млрд халқы бар Қытайда бұл марапатты небәрі 37 адам алса, Оқас Сүлеймен оны кеудесіне таққан тұңғыш қазақ азаматы атанып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий