Сирияның экс-президенті Башар Асад өлім жазасына кесілді

11.08.2026 14:53 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сирияның экс-президенті Башар Асад өлім жазасына кесілді
196
Фото: ТАСС агенттігі

Сирия соты адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айыппен бұрынғы президент Башар Асадты сырттай өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Politico.kz порталы euronews-ке сілтемемен.

Бұл іс бойынша оның інісі Махер мен немере ағасы Атеф Наджибке де өлім жазасы тағайындалды. Башар мен Махерге үкім сырттай шықты. Ал Атеф Наджиб сот отырысына қатысты. Ол үкімді тыңдау кезінде айыпталушыларға арналған торда түрме киімімен тұрды.

Бұл жаза Сирияда 14 жылға созылған азаматтық соғыс кезіндегі әскери қылмыстар үшін шығарылып отыр. Қарулы қақтығыстар салдарынан жарты миллионға жуық адам көз жұмған. Тағы миллиондаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Сот залында болған Атеф Наджиб 2011 жылы Дараа провинциясындағы наразылықты қатыгездікпен басып-жаншуға басшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл оқиға кейін елдегі азаматтық соғысқа ұласқан еді. Ол кезде Наджиб бригада генералы шенінде Сирияның оңтүстігіндегі саяси қауіпсіздік басқармасын басқарған.

Башар мен Махер Асад 2024 жылдың желтоқсанында Ресейге қашып кеткен болатын. Олардың бұл әрекеті елдегі соғыстың аяқталуына әкелді. Себебі сол кезде Ахмед аш-Шараа бастаған көтерілісшілер Дамаск қаласына басып кірген еді. Қазір Ахмед аш-Шараа Сирияның уақытша президенті қызметін атқарады.

Асадтар елден қашқаннан кейін Атеф Наджиб тұтқынға түсті. Осылайша ол сот алдында жауап берген ең жоғары лауазымды бұрынғы шенеуніктердің біріне айналды.

Войдите, чтобы оставить комментарий