Келісімнен өндіріске дейін: Қазақстанда жаңа өндіріс қалай іске қосылды

26.09.2026 • 10:28 Қарақат АСЫЛОВА
Келісімнен өндіріске дейін: Қазақстанда жаңа өндіріс қалай іске қосылды
194

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысындағы Fufeng Group компаниясының кәсіпорнын іске қосу рәсіміне қатысты.

Орталық Азияда аминқышқылдарын өндіретін алғашқы зауыт Шу ауданында, «JIBEK JOLY» арнайы экономикалық аймағының маңында орналасқан. Жобаның алғашқы кезеңіне $350 млн инвестиция салынған.

Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдеуге қауқарлы. Мұнда изолейцин, лейцин, валин, треонин және глутамин секілді аминқышқылдары өндіріледі. Бұл өнімдер тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, биотехнологияда, сондай-ақ арнайы тағамдар мен жемшөп қоспаларын өндіруде қолданылады.

Жоба аясында дайын өнімнің 80 пайызы экспортқа шығарылып, қалған 20 пайызы Қазақстанның ішкі нарығына бағытталады деп жоспарланып отыр.

Кәсіпорынды одан әрі кеңейту үшін индустриялық парк құру және жүгеріні өңдеу қуатын жылына 3 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бұл кезеңге шамамен $1,5 млрд инвестиция салынып, 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Зауыттың іске қосылуы жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне де әсер етпек. Кәсіпорын алғашқы кезеңде жыл сайын шамамен 500 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл фермерлер үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастырып, өңірдегі жүгері өндірісінің ұлғаюына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жоба бойынша алғашқы келісімдер 2024 жылы жасалған. Атап айтқанда, Премьер-министр Олжас Бектеновтің KGIR-2024 форумында және Шанхайда Fufeng Group басшылығымен кездесулері барысында инвестициялық жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілген.

Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда жүгеріні өсіруден бастап, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға дейінгі өндірістік цикл қалыптасады.

Войдите, чтобы оставить комментарий