Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Маңғыстау облысында кадрлық өзгерістер болды
Маңғыстау облысында әкімдік құрамында бірқатар кадрлық өзгерістер болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ербол Ізбергенов өңір әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалса, Бекбол Орынбасаров облыс әкімінің орынбасары қызметіне келді. Сондай-ақ Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болды.
Ербол Ізбергенов бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ әр жылдары Ақтау қаласының әкімі және облыс әкімінің бірінші орынбасары болған. Ол 1973 жылы Құрық ауылында дүниеге келген.
Ал Бекбол Орынбасаров мемлекеттік органдар мен бизнес саласында еңбек еткен. Әр жылдары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2023-2026 жылдары Сенатта Маңғыстау облысының атынан өкілдік етті.
Бұдан бөлек, Президент Әкімшілігімен келісу бойынша облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды.
Ол 2023 жылдың мамырынан бері Қарақия ауданының әкімі болған. Бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып, Маңғыстау облысы әкімінің аппаратында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында бұл кадрлық өзгерістер Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаздың қаза табуынан кейін жарияланды. Алайда тағайындаулардың қайғылы оқиғаға тікелей байланысты екені туралы ресми мәлімдеме жасалмаған.
Соңғы жаңалықтар