Сот басшысының қазасы: Ведомство жұмыстағы қысымды жоққа шығарды

18.09.2026 13:40 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Сот басшысының қазасы: Ведомство жұмыстағы қысымды жоққа шығарды
549
Фото: марқұмдарының туыстарынан

Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсековтің қазасына қатысты дау туындады. Ақмола облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті марқұмға жұмыс орнында қысым көрсетілді деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Заңгер Аян Дүйсеков 2026 жылғы қыркүйекте 27 жасында кенеттен қайтыс болды. Артында әйелі мен 2 кішкентай баласы қалды.

Туыстары мен жақындарының айтуынша, Дүйсеков соңғы айларда жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысымға ұшыраған. Олар оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылғанын, қызметтік пәтерден шығару мәселесі көтерілгенін мәлімдеген. Отбасы осы жағдайларды тексеріп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды сұрап отыр.

Бұл айыптауларға байланысты Ақмола облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті түсініктеме берді. Ведомство өкілдерінің сөзіне қарағанда, қызметкерге жұмысына қатысты ешқандай қысым жасалмаған.

"Аян Дүйсековке оның қызметіне байланысты ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Жұмыс істеген барлық уақыт ішінде онымен қарым-қатынас іскерлік әрі сыпайы сипатта болды. Еңбек қатынастары аясында қабылданған барлық шешімдер тек қызметтік мән-жайларға негізделіп, белгіленген тәртіппен жүзеге асырылды", — делінген департамент хабарламасында.

Департамент Дүйсековке 2026 жылғы 13 тамызда еңбек тәртібін бұзғаны үшін сөгіс жарияланғанын хабарлады. Мекеме бұл жазаға тиісті негіз болғанын, оның қызметкерге деген жеке көзқараспен немесе қысым көрсетумен байланысты еместігін мәлімдеді.

Тиісті өтінішті қарау барысында тәртіптік жазаға қатысты материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің уәкілетті аумақтық органы зерттеген. Департамент мәліметінше, тексеру нәтижесінде тәртіптік жауапкершілікке тарту рәсімінің бұзылғаны анықталмаған.

Мекеме қызметтік пәтерден шығару туралы мәлімдемені де жоққа шығарды. Оның хабарлауынша, Дүйсеков тұрған баспанаға судьяны орналастыру қажеттілігі болмағандықтан, оны шығару мәселесі көтерілмеген әрі қаралмаған. Осыған қатысты ешқандай шешім қабылданбаған.

Департамент тергеуге қажетті көмек көрсетіліп, сұратылған ақпарат пен материалдар беріліп жатқанын жеткізді.

Мекеме марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, тергеу аяқталғанша болжамдарды анықталған факт ретінде көрсетпеуге шақырды. Өлімнің себептері мен мән-жайы туралы түпкілікті қорытынды тек тергеу нәтижесінде жасалатынын атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий