«Сотта беретін жауабым осы»: Бағдагүл емші Динара Сәтжанға жауап берді

17.07.2026 09:11 Мөлдір ҚАЙНАР
«Сотта беретін жауабым осы»: Бағдагүл емші Динара Сәтжанға жауап берді
427
Фото: коллаж politico.kz

Тележүргізуші Динара Сәтжанның үстінен түсірген арызына байланысты Бағдагүл емші әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.

Емшінің сөзіне қарағанда, сот отырысының кейінге қалдырылуына оның процесті мемлекеттік тілде жүргізуді талап еткені себеп болған. Ол Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеу қажеттігін және өзі үшін тіл мәселесі мен әйелдердің ар-намысы бірінші орында тұрғанын жеткізді.

"Кеше сот, бұйырса, кейінге қалды! Себебі мен соттың өз ана тілімізде өтуін талап еттім. Қазақстанда қазақ қазақпен өз ана тілінде сөйлеуі керек! Менің қозғағаным – тіл мәселесі, қазақ аруларымыздың ар-намысы мен үшін бірінші орында! Ал ханымға айтылған сөз есімде жоқ! Өйткені мен орысша түсінбеймін! Көңіліңізге тисе, кешірім сұраймын. Қазақша мағынасын білмедім! Менің сотта беретін жауабым осы, достар!", – деп жазды ол.

Сондай-ақ Бағдагүл емші тележүргізушіні мазақтамағанын алға тартып, істі бейбіт жолмен шешуге, тіпті достасуға да қарсы еместігін мәлімдеді. Алайда сот өзін кінәлі деп таныса, бұл жағдайды қарапайым халықтың құқығы мен әділдік үшін күресі деп қабылдайтынын айтты.

"Бұйырса, мен сотталсам, бүкіл Қазақстан әділетсіз байларға төңкеріс жасауға дайынбыз ба??? Себебі шындық жоқ болса! Әрбір қарапайым халық осындай әділетсіздікке ұшырайды деген сөз! Онда болашаққа сенім жоғалады деген сөз. Әрине, кешірім сұраймын! Достасуға болады!", – деді Бағдагүл емші.

Жазбасының соңында ол әділдіктің орнайтынына және бұл даудың тыныш аяқталатынына сенетінін атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий