Сотталған экс-вице-министр күтпеген жерден бостандыққа шықты

12.07.2026 15:24 Қарақат АСЫЛОВА
Сотталған экс-вице-министр күтпеген жерден бостандыққа шықты
530

2025 жылдың мамырында үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады. Комитеттің мәліметінше, сот шешімімен Қожағапановтың өтелмеген жаза мерзімі бас бостандығынан айырудан айыппұл төлеуге ауыстырылған.

Сондай-ақ ҚАЖК өкілдері жазаны жеңілдету, шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін басқа жаза түріне ауыстыру мәселелері тек сот құзыретіне жататынын атап өтті.

Еске салайық, Ерлан Қожағапанов 2024 жылдың наурызында ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, ол 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға қатысты келісімшартты белгілі бір коммерциялық ұйымның пайдасына жасатуға ықпал еткен деген күдікке ілінді.

Тергеу нұсқасы бойынша, форумды өткізуге арналған шығын сметасы екі есеге ұлғайтылып, соның салдарынан мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келген.

2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қожағапанов қамауда болды. Ал 2025 жылдың мамырында сот оны үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді. Енді сот шешімімен жазаның өтелмеген бөлігі айыппұлмен алмастырылып, ол бостандыққа шықты.

Войдите, чтобы оставить комментарий