СҚО-да әйел құрбысын өлтіріп, мәйіттің қасына жазба қалдырып кеткен
Солтүстік Қазақстан облысында әйел адам өз құрбысын өлтіріп, оның денесінің жанына қылмысын мойындаған жазба қалдырған. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де екі рет адам өлтіргені үшін сотталған және әр жолы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бұл туралы POLITICO.KZ Caravan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 6 қыркүйек кешінде Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Арықбалық ауылында болған.
60 жастағы Ольга Б. өз үйінде, Ашимов көшесінде, құрбысы Валерия Б.-мен бірге спирттік ішімдік ішкен. Кешкі сағат шамамен 18:00-де олардың арасында жанжал шыққан. Тергеу материалдарына сәйкес, Валерия Б. үй иесін балағаттап, алақанымен бетінен ұрған, кейін тамағынан қысып, тұншықтырмақ болған. Сондай-ақ Ольганың саусағын тістеп алған.
Сотта берген жауабында Ольга Б. өзін қорғану мақсатында ас үй пышағын алғанын айтқан. Оның сөзінше, ол құрбысының іш тұсына екі рет пышақ сұққанын ғана есінде сақтаған, ал кейінгі әрекеттерін «естен танғандай» күйде жасағанын мәлімдеген.
Есін жиғанда Валерия Б.-ның қанға боялған күйде еденде қимылсыз жатқанын көрген. Осыдан кейін ол қағазға қылмысты өзі жасағанын мойындайтын жазба қалдырып, мәйіттің қасына қойған.
Қылмыстан кейін Ольга Б. танысына хабарласып, өзін шұғыл жұмысқа бара жатырмын деп алдап, Көкшетау қаласына жеткізіп салуын сұраған. Алайда полиция оны бір күннен кейін Көкшетауда ұстады.
Сотта белгілі болғандай, Ольга Б. бұған дейін де екі рет адам өлтіргені үшін сотталған:
2001 жылы – 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, 2007 жылы шартты түрде босатылған;
2009 жылы – 18 жылға сотталып, 2022 жылы мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Бұл жолы Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны құрбысын өлтіргені үшін 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот Ольга Б.-ның әрекетін қауіпті рецидив деп танып, жазасын максималды қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтеуді белгіледі. Сонымен қатар ол жәбірленушінің әпкесіне 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл соманы бір ай ішінде өтеуі тиіс.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар