Стоматологиядағы 3 жасар қыздың өлімі: сотта оқиғаға қатысты сұмдық видео көрсетілді
Астанада тіс емдету кезінде көз жұмған 3,5 жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты сот отырысында дәрігерлердің қызды құтқарып қалуға тырысқан сәті түсірілген видео көрсетілді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.
Сағат 14:06-дан 15:04-ке дейін дәрігерлер қыздың жүрегін іске қосуға тырысып, оған шұғыл медициналық көмек көрсеткен, алайда баланы құтқару мүмкін болмады. Кадрлардан бөлмеде бөгде ер адамның болғаны да байқалады.
Ал сағат 14:56-да жедел жәрдем бригадасы келген.
Видеодан дәрігерлердің ата-ананы бірден шақырмағанын байқауға болады, ата-анасы палатаға кіргенде қыздарының көз жұмғанын көреді. Кадрлардан қыздың ата-анасы жылап, айғайлап жатқанын көруге болады.
Жәбірленушілердің адвокатының айтуынша, кадрлардан дәрігерлердің дефибрилляторды жерге түсіріп алғаны көрінеді. Сараптама құжаттарына сәйкес, ол қолданылмаған. Дефибриллятор басқа кабинетте тұрған, ал ережеге сай ол әр бөлмеде болуға тиіс. Олар оны түсіріп алып, қолдануға тырысып, кейін шетке қойып қойған.
“Дефибриллятор тек жүрекке дефибрилляция жасау кезінде қолданылады. Алдыңғы отырыста мен монитордан жүрек ритмі 300-ді көрсеткенін және оны бақылауға болатынын түсіндіргенмін. Сол мезетте дефибриллятор қолданылуға тиіс еді. Мен жүрек қағысы жоғалғанын көрдім. Мұндай жағдайда дефибриллятор қолдануға болмайды, себебі ол күйік қалдырады, ал ашып тексергенде бұл кемшілік ретінде бағалануы мүмкін”, – деді айыпталушы.
Судья айыпталушыдан “сол сәтте сіз баланы жоғалтып жатқаныңызды түсіндіңіз бе?” деп сұрады.
“Біз жүректің тоқтағанын түсіндік. Биологиялық өлім тіркелген жоқ, бірақ жүрек тоқтағаны рас”, – деді анестезиолог.
Сотта анестезиолог баланың жүрегін іске қосу үшін неге сырттан маман шақырылғанын да түсіндірді.
“Ол менің әріптесім, біз бірге Ұлттық кардиологиялық орталықта жұмыс істедік. Мен оны көмектесу үшін шақырдым, себебі реаниматолог жалғыз жұмыс істей алмайды, қасында әрдайым әріптесі болуы керек. Көмекті кез келген білікті маман көрсете алады”, – деді күдікті.
Прокурордың “неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?” деген сұрағына айыпталушы былай деп жауап берді:
“Жедел жәрдем бригадасы дәрігер мен фельдшерден тұрады. Дәрігер – реаниматолог емес, сондықтан олардың міндеті тек науқасты жансақтау бөліміне жеткізу. Мен реаниматологпын, әріптесім де солай. Біз кәсіби реанимациялық көмек көрсеттік, ал жедел жәрдем негізінен базалық көмек көрсетеді”, – деді айыпталушы.
Соңғы жаңалықтар