Су тасқыны кезінде көмектескен баланың ата-анасына айыппұл салынған

Құм салынған қап тасыған баланың ата-анасына 200 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное ауылында тасқын кезінде ерікті ретінде көмек көрсеткен 10 жастағы бала әлеуметтік желілерде мақтауға ие болғанымен, оның ата-анасы айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Оқиға тасқынның үшінші толқыны күшейіп тұрған 26 сәуір күні болған. Бала квадроциклмен бөгет бойында жүріп, ересектерге құм толы қаптарды тасымалдаған. Видео жергілікті әкімдік тарапынан таратылып, патриоттық үлгі ретінде сипатталды.
Алайда полиция оқиғаға құқықтық баға беріп, 34 жастағы әкесін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі бойынша – «көлік құралын басқару құқығы жоқ тұлғаға беру» бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл үшін 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен 200 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Полиция департаменті бұл жағдайдың қауіпті аймақта болғанын және балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс екенін атап өтті.
– Кез келген төтенше жағдайда заңнаманы сақтау қажет. Балалардың және тасқын салдарын жоюға қатысушылардың қауіпсіздігі – басты басымдық, – деді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар





