Светлана Пак: Алмас Сұлтанғазин әкемнің Sulpak-тағы үлесін тартып алды

30.04.2026 20:45 Арман Ермеков
Светлана Пак: Алмас Сұлтанғазин әкемнің Sulpak-тағы үлесін тартып алды
357
Коллаж Politico.kz

Sulpak дүкендер желісін құрғандардың бірі, 2024 жылдың қыркүйегінде өмірден өткен Андрей Пактың қызы компаниядағы әкесінің үлесін Forbes тізіміндегі миллионер Алмас Сұлтанғазин заңсыз тартып алды деп мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Светлана Пак Инстаграм парақшасында арнайы видео жариялап бұл істің ақ-қарасын анықтау үшін жоғары жаққа шағымданатынын жеткізді.

«Мен бұдан былай үндемей отыра алмаймын. Алмас Сұлтанғазин менімен байланысқа шығып әкемнің Sulpak компаниясындағы үлесін өз атына қалай жаздырып алғанын түсіндірмейінше президентке хат жазып, қолымнан келгеннің бәрін істеймін. Әкем компанияның барлық қарызы мойнына ілініп елге кіре алмай жүргенде Сұлтанғазин Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарына қосылып Forbes тізіміне кірді. Әкем Sulpak компаниясын 1992 жылы мен 6 жаста болғанда асүй үстелінде отырып құрған. Ол қалайша түксіз қалып өз отанында туыстары мен жақындарының жанында өмір сүру мүмкіндігінен айырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында оны өз үлесін сатып кетті деп жазады, бірақ бұл жалған. Әкем ауыр дертпен күресіп жатқанда біз үндемедік. Бірақ қазір әкем өмірден өткен соң мен бұдан былай үндемей қалмаймын және шындықты білгім келеді», – деді Светлана Пак.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек Sulpak дүкендер желісін 1992 жылы Андрей Пак пен Алмас Сұлтанғазин бірігіп ашқан және компания атауы олардың тектерінің алғашқы әріптерінен құралған. Қазіргі таңда Алмас Сұлтанғазин Қазақстандағы ең ықпалды 50 және ең бай 75 кәсіпкердің қатарына кіреді. Forbes Kazakhstan басылымының 2025 жылғы мамырдағы мәліметі бойынша оның байлығы $285 млн көлемінде бағаланған. Миллионер Sulpak желісінен бөлек Alser дүкендеріне иелік етеді және Burger King Kazakhstan, ST Networks, Hero Study KZ пен Sulpak Cinema сияқты компанияларда үлесі бар.

Әзірге Sulpak компаниясы бұл айыптауларға қатысты ешқандай ресми жауап берген жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий