Талдықорғанда 23 жастағы дзюдошы қыз көз жұмды
Талдықорғанда 23 жастағы дзюдошы Аян Тұрдыбектің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның туыстары оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болғанын айтып, медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмегенін алға тартуда.
Оқиға болған күні Аянның жағдайы күрт нашарлап, қасында болған құрбысы Гүлім Бектұрғанова жедел жәрдем шақырған. Алайда келген дәрігерлер тексеру жүргізіп, қарапайым кеңес берумен шектелген.
«Жедел жәрдем келіп, тамағына қарап, ыстық түсіретін дәрі ішуге кеңес берді де, кетіп қалды», – дейді құрбысы.
Жағдайы жақсармаған соң, жақындары оны өздері ауруханаға жеткізген. Бірақ туыстарының айтуынша, көпсалалы аурухана тіркеуі жоқ деген себеппен қабылдамай, басқа мекемеге жіберген.
Кейін инфекциялық ауруханаға жеткізілген Аянға екі рет тамызғыш қойылған. Біраз уақытқа жағдайы түзелгендей болғанымен, көп ұзамай қайта нашарлаған.
«Жағдайы қайтадан ауырлап, өңі бозарып, ерні көгере бастады», – дейді құрбысы.
Сонымен қатар, науқас стационарлық емнен жазбаша түрде бас тартқан. Алайда сол түні оның жағдайы күрт қиындап кеткен. Қайта шақырылған жедел жәрдем оны облыстық ауруханаға жеткізгенімен, ол есін жимастан көз жұмған.
«Ол кезде Аянның жағдайы нашарлап, дәрі тамызғышты салдыруға бой бермеді. Бригада Аянды алып кетеміз деп те айтпады», – дейді құрбысы.
Марқұмның туыстары дәрігерлердің әрекетіне күмән келтіріп отыр. Олардың сөзінше, өлім қорытындысында «белгісіз заттан улану» деп көрсетілген.
«Күйеу баланы ертіп келеді деп күтіп отыр едім. Бақытты болғанын көремін деп жүргенде, қара жамыламын деп ойламадым», – дейді марқұмның анасы.
Ал Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Ведомство мәліметінше, 9 сәуір күні кешкі уақытта Аянға алдын ала «жедел респираторлық вирустық инфекция» диагнозы қойылған.
«Науқас өздігінен инфекциялық ауруханаға жүгінді. Қажетті көмек көрсетіліп, ауруханаға жату ұсынылды. Алайда ол стационарлық емнен жазбаша түрде бас тартты», – деді басқарма өкілі Алмагүл Кенжегұлова.
Түнгі сағат 03:49 шамасында жедел жәрдемге қайта шақырту түсіп, науқас облыстық ауруханаға жеткізілген. Дегенмен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша полиция соталды тергеу жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалған, оның нәтижесі кейін жарияланады.
Айта кетейік, Аян Тұрдыбек дзюдо және самбо спорт түрлерімен айналысып, өңірлік жарыстарға қатысқан.
Соңғы жаңалықтар