«Тампон жылжып кеткен»: Атырауда мұрнына ота жасатқан 16 жасар қыз көз жұмды

11.09.2026 09:13 Мөлдір ҚАЙНАР
«Тампон жылжып кеткен»: Атырауда мұрнына ота жасатқан 16 жасар қыз көз жұмды
506
Фото: марқұмның туыстарының жеке архивінен

Атырау облыстық балалар ауруханасында мұрын қуысындағы полипті алып тастау бойынша жоспарлы ота жасатқан 16 жастағы оқушы қыз қайтыс болды, деп хабарлайды  Politico.kz.

Жасөспірімнің жағдайы отадан кейін бір сағаттан соң күрт нашарлап, шұғыл жансақтау бөліміне ауыстырылған. Желіде тараған бейнежазбада хирург науқастың мұрнына әдеттегідей тампон салынғанын айтса, анестезиолог оның бар екенінен бейхабар болғанын және оқушының тыныс алуы кенет тоқтап қалғанын мәлімдеген.

"Тампонның орнынан жылжып кеткенін байқамадым. Ол тыныс алуын тоқтатты. Тексере бастағанда, оң жақтан тыныс алу болмағаны белгілі болды. Кейін бұл рентген арқылы анықталды", – дейді дәрігер-анестезиолог.

Реаниматолог маман тампонның кейін дер кезінде алынғанын айтқанымен, бойжеткен 18 күн бойы есін жия алмай, жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана баласының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептейді. Олар отадан кейінгі алғашқы минуттарда нақты қандай әрекеттер жасалғанын ашық айтуды талап етуде.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл операцияның техникалық тұрғыдан аса күрделі екенін және асқынулар қаупін жоққа шығаруға болмайтынын алға тартты.

"Науқастың отадан кейін жағдайы күрт нашарлауына байланысты шұғыл және қарқынды емдеу шаралары толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі тиісті мамандардың консультациялары ұйымдастырылды. Тексеру мен сараптамалық жұмыстар толық аяқталғанға дейін алдын ала қорытынды жасауға негіз жоқ", – делінген ресми ведомство хабарламасында.

Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың мән-жайы мен көрсетілген медициналық қызметтің сапасын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Марқұм биыл 11-сыныпқа баруы керек еді, ол үйдің үлкен перзенті болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий