Танымал блогердің әйелі: 19 жасымда үш жігіт жабылып, біреуі зорлады

25.09.2026 • 20:00 Томирис САҒЫНДЫҚ
Танымал блогердің әйелі: 19 жасымда үш жігіт жабылып, біреуі зорлады
171
Фото: видеодан скриншот

Танымал блогер Айтуған Ғалымовтың әйелі Ильнура Нуранбекова басынан өткерген оқиғасын бөлісіп, зорлық-зомбылық салдары мен оның психологиялық аспектілері туралы баяндап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ильнура Нуранбекова НТК арнасындағы сұқбатында айтты.

«Жасым 19-да болатын. Олар өзім танитын адамдар еді. Бұрын көргенмін. Олар осылай алдайды деп мүлдем ойламадым. Ол жерде үшеуі маған жабылғанымен, зорлық-зомбылық жасағаны – тек біреуі ғана. Ол адамдарды тек сырттай танитынмын. Жақын араласып, дос болған емеспін. Өйткені жастары да менен үлкен еді. Бұл жағдай туралы ешкімге тіс жармадым, тек жақын құрбыма ғана айттым. Өйткені ол да кезінде дәл осындай ауыр жағдайды басынан өткерген болатын. Өмірімде жүкті екенімді білген жалғыз адам – сол құрбым еді. Ол қиын сәттерде тек сол ғана жанымнан табылып, маған демеу болды», – деді Ильнура Нуранбекова.

Оқиғадан кейін бойжеткен қажетті медициналық немесе психологиялық көмекке жүгінбестен, ауыр эмоционалдық жағдайда жалғыз қалған. Жүктілік анықталған соң, жақындарының кеңесіне қарамастан, ол жүктілікті үзбеу туралы шешім қабылдайды.

«Жүкті екенімді білгенде, бұл баладан айырылғым келмеді. Құрбым тарапынан: «Мерзімі әлі кішкентай ғой, дәрі ішіп алдырып таста, мұның ешқандай қорқынышы жоқ», – деген ұсыныстар болды. Бұған қарамастан, мен бұл қадамға бара алмадым, мұндай нәрсені істеу қолымнан келмеді», – деді Ильнура Нуранбекова.

Зардап шегушінің сөзінше, отбасымен арадағы ашық қарым-қатынастың болмауы мен стигматизациядан қорқу сезімі оның жақындарына барып, көмек сұрауына кедергі болған.

«Отбасыма, анама айтуға қорықтым. Олар мені қолдаудың орнына, «өзің кінәлісің» деп жазғырады деп ойладым. Бала кезімнен анаммен ашық-жарқын сырласып өскен жоқпын. Бәлкім, ол кісі мені сөкпей, керісінше қолдау білдіретін бе еді... Қазір осы туралы жиі ойланамын. Мүмкін, сол кезде анама барып: «Мен осындай ауыр жағдайға тап болдым, маған көмектесіңізші, ақыл-кеңесіңізді айтыңызшы», – деп айтуым керек пе еді... Өйткені ол кісі өмір көрген, тәжірибесі бар адам ғой. Солай істегенімде, мүмкін бәрі өзгеше болар ма еді... Ал мен болсам, қорқып, анам мені айыптады деп ойладым», – деді Ильнура Нуранбекова.

Сондай-ақ кейіпкер зорлық-зомбылық құрбандары арасында жиі кездесетін «өз-өзін айыптау» мен қоғамда қалыптасқан теріс стереотиптердің психологиялық әсеріне тоқталды.

«Өзімді де кінәлі сезінемін. Мүмкін, тым ашық-жарқын болып, кез келген ортада тез тіл табысып кететіндіктен, олар мен туралы теріс ойда болған шығар... Мұны айтудың өзі маған ұят. Кез келген ортада, қыздармен де, ұлдармен тез араласып кететінмін. Көп ер адам «Күліп жүретін қыздар, жеңіл жүрісті қыздар» деп ойлайды. Мұндай тар түсінікпен қарайтындардың көбі – ауылдан келген жігіттер ғой...» – деді Ильнура Нуранбекова.

Войдите, чтобы оставить комментарий