Тапшылыққа ұшыраған Ресейге Қазақстанның көмектесуге қауқары жоқ – Reuters

19.06.2026 10:51 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тапшылыққа ұшыраған Ресейге Қазақстанның көмектесуге қауқары жоқ – Reuters
175
Фото: magnific.com

Ресей дрондардың жаппай шабуылынан кейін бензин тапшылығына тап болды. Енді бұл мәселені шешу үшін осы айда теңіз арқылы отын импорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы "Reuters" агенттігіне саладағы төрт дереккөз хабарлады.

Әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі үшін бұл өте сирек кездесетін жағдай. Дереккөздердің мәліметінше, маусым айында Ресей батыстағы порттарының бірі арқылы жанармай тиелген кемені қабылдайды. Ол Азиядан жеткізіледі, бірақ нақты көлемі мен жеткізушілер туралы ақпарат әзірге белгісіз.

Өткен жылы да теңіз арқылы отын тасымалдау мәселесі қаралған екен. Алайда ол кезде ішкі қор толықтай жеткілікті болғандықтан бұл қадамға бармаған.

Бірнеше ай қатарынан украиналық дрондар ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына, құбырлар мен отын қоймаларына шабуыл жасады. Осылайша олар Мәскеудің соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеуге тырысуда. Соңғы соққылар "TANECO" және "Moscow" мұнай өңдеу зауыттарына жасалып, екі кәсіпорында да өндіріс тоқтап қалды.

"Reuters" жинаған мәліметтерге сүйенсек, Ресейдің он шақты аймағында жанармай тапшылығы байқалған. Ресейдің бақылауындағы Қырым мен Сібірдің екі аймағы бұл тапшылықты ресми түрде растады.

Осыған байланысты үкімет шілде айының соңына дейін өндірушілерге жанармай экспорттауға тыйым салды. Бұл шешім жазда көлік қозғалысы артқан кезде ішкі сұранысты қанағаттандыру мақсатында қабылданған.

Мәскеу тапшылықтың орнын толтыру үшін көршілес Беларусь елінен де жанармай импорттаған. Сонымен қатар бұған дейін Қазақстаннан да аздаған көлемде отын сұраған болатын. Дереккөздердің сөзінше, егер Ресейдегі дағдарыс тереңдей түссе, бұл екі елдің де айтарлықтай көмек көрсетуге артық мүмкіндігі жоқ.

Дереккөздердің бірі теңіз арқылы келетін импорт тек уақытша шара болуы мүмкін екенін алға тартты. Логистикалық қиындықтар мен жоғары бағаларға байланысты бұл жолмен үлкен көлемдегі жанармай тасымалдау өте қиын.

Ресейдің Энергетика министрлігі "Reuters" агенттігінің түсініктеме беру туралы сауалына жауап қатпаған. Салалық мамандардың мәліметі бойынша, бұл ел өткен жылы шамамен 5 миллион метрлік тонна жанармай экспорттаған. Бұл көрсеткіш күніне шамамен 117 мың баррельді құрайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий