Таразда балабақшада аутизмі бар баланың қол-аяғын байлап тастаған (ВИДЕО)

20.08.2026 11:08 Әсел МҰРАТ
Таразда балабақшада аутизмі бар баланың қол-аяғын байлап тастаған (ВИДЕО)
112
Фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желілерде Тараздағы оңалту балабақшасынан видео тарады. Туыстарының айтуынша, онда тәрбиешілер ерекше қажеттіліктері бар балаға қорлық көрсеткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға туралы баланың әпкесі айтып берді. Оның сөзінше, тәрбиешілер сөйлей алмайтын інісінің қолы мен аяғын ұйықтату үшін байлап қойған. Бұған дейін де оған қол көтерген. Кейін туыстары баланың басынан жарақат алғанын және жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Балабақша қызметкерлері оқиғаға қатысты өз нұсқаларын айтып, мекемеде өзіне-өзі зақым келтіруге бейім (аутоагрессия) балалар бар екенін мәлімдеді. Оқиғаға құқық қорғау органдары да пікір білдірді.

«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, бұл қатыгездікпен қарауға ұштасқан») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша іске қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Войдите, чтобы оставить комментарий