Таразда Бишімбаевтың күйін кешкен "арақ патшасы" сотталып жатыр
Таразда Жамбыл облысындағы ең ірі астыртын алкоголь өндірушілердің бірі, "арақ патшасы" атанған Сұлтан Махмадовқа қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлім етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәліметке сүйенсек, кәсіпкерге суррогат өнім шығарып, оны сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрды және басқарды деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша ол "БМ" ЖШС тіркеп, салық төлеп келгенімен, іс жүзінде жалған акциздік маркалар арқылы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан. Онымен бірге тағы үш адам жауапқа тартылуда. Мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Махмадовты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іс бойынша көлеңкелі айналымнан құны 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленгенін мәлімдеген. Сонымен қатар өндірістік база аумағынан 18 майнинг құрылғысы табылған.
Сұлтан Махмадов 2009 жылы дәл осындай қылмыстары үшін 10 жылға сотталып, арада үш жыл өткенде Тұңғыш президенттің жарлығымен рақымшылыққа іліккен. Журналист бұл жағдайды бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың оқиғасымен салыстырды.
"Алдымен ұзақ мерзімге сотталу, содан кейін мемлекет басшысының кешірімі, одан кейін жаңа аса ауыр қылмыс", – деп жазды Михаил Козачков.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев та 2018 жылы жемқорлық үшін 10 жылға сотталып, 2019 жылы Тұңғыш президенттің кешірімімен жазасы қысқартылып, сол жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Кейін 2024 жылы әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Соңғы жаңалықтар