Тараздық мұғалім мемлекет алдындағы 2,5 млн теңге борышынан босатылды

14.09.2026 19:22 Қанат АЙБАР
Тараздық мұғалім мемлекет алдындағы 2,5 млн теңге борышынан босатылды
268

«Қазақ спорт және туризм академиясының» түлегіне қатысты «Қаржы орталығы» АҚ берген талап-арыз бойынша сот процесі аяқталды. Мұғалім 2020 жылы оқуды аяқтаған болатын, оның білім алуына мемлекет бюджетінен 1,7 миллион теңге жұмсалған, деп хабарлайды Politico.kz.

Шартқа сәйкес, ол мектепте кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс еді, алайда азамат небәрі жеті ай ғана еңбек еткен. Осыған байланысты Қаржы орталығы сот арқылы 1,4 миллион теңге негізгі қарызды және 1,1 миллион теңге өсімақыны өндіріп алуды талап етті.

Сот тексеруі барысында жауапкердің академияны бітіргеннен кейін ауыр психологиялық дертке шалдыққаны анықталды. Ол бірнеше рет емдеуден өтіп, психиатриялық диспансерлік есепте тұрған.

Сот жауапкердің педагогикалық қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіретін аурудың пайда болуына жауапты еместігін және бұл жағдайдың оған байланыссыз себептермен орын алғанын ескерді. Нәтижесінде сот «Қаржы орталығының» талап-арызын толық көлемде қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий