Телефондар құлыпқа салынған: Тауман Назарбаевтың үйлену тойы қалай өтті

14.09.2026 17:53 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Телефондар құлыпқа салынған: Тауман Назарбаевтың үйлену тойы қалай өтті
198
Коллаж Ulysmedia.kz

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 жастағы ұлы Тауманның үйлену тойында қонақтардың телефондары құлыпталатын қаптарға салынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап Politico.kz.

Той The Ritz-Carlton, Astana қонақүйінде өткен. Қабылдау үстелін гүл шоқтарымен безендіріп, баспалдақты ақ гүлдермен көмкерген. Той өтіп жатқан жерге өзге адамдарды жақындатпаған, ал қонақүйдің кіреберіс залында жай отырғысы келгендерге іште «өте маңызды іс-шара» өтіп жатқанын түсіндірген. Шақырылған қонақтар үшін ғимараттың бүйірінен бөлек кіреберіс қарастырылған.

Кеште өнер көрсеткен әншілердің бірі – Jah Khalib. Ұйымдастырушылар тойдың жабық өтуіне ерекше мән беріп, мереке кезінде смартфон камераларын пайдалануға мүмкіндік бермеген. Соған қарамастан, кейбір қонақтар әншімен суретке түсіп үлгерген.

Тойбастар ретінде шағын гүл шоқтары таратылған. Қонақүйге келген әйелдердің бірі өзіне осындай гүлді тойға шақырылған адамның бергенін айтқан.

«Тойбастар шағын гүл шоғы түрінде болды. Маған гортензия мен пионға ұқсас раушандардан жасалғаны тиді, қызыл гүлдерден құралған шоқтарды да көрдім», – деді ол Ulysmedia.kz тілшісіне.

Ал сарқытты көзге түсетін жазуы жоқ, аузы жабық ақ пакеттерге салып берген.

Негізгі тойдан кейін мереке Lilou Bar-да жалғасқан. Сол күні бар жеке іс-шара үшін толық жабылып, өзге келушілерді қабылдамаған. Мекеме әкімшілігі бұл туралы Instagram парақшасында алдын ала хабарлаған.

«Бүгін жабықпыз. Бүгін есігіміз жабық. Ертең сіздерді әдеттегі жұмыс уақытымызда күтеміз», – делінген бардың хабарламасында.

Бұған дейін Тауман Назарбаевтың Айдана Сәрсембаеваға үйленгелі жатқаны хабарланған болатын. Басылымның мәліметінше, екеуі де 2004–2005 жылдары туған, қазір жастары 21-де.

Тауман – Нұрсұлтан Назарбаев пен Әсел Құрманбаева есімімен де танымал Әсел Исабаеваның үлкен ұлы. Қазақстанның тұңғыш президентінің екінші отбасы туралы ұзақ жылдар бойы ресми айтылмады, тек қауесет таралып, БАҚ-та материалдар жарияланып келген.

2023 жылы Назарбаев «Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа» атты естелік кітабында Әселмен мұсылмандық дәстүр бойынша некелескенін мойындады. Бұл отбасында 2005 жылы Тауман, 2008 жылы Байкен есімді 2 ұл дүниеге келген.

Қалыңдық Айдана – бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, кезінде «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясын басқарған Әділбек Сәрсембаев пен Әлия Иманбаеваның қызы. Ол 2004 жылғы 24 желтоқсанда туған.

Әділбек Сәрсембаев ұзақ жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Ол елорда әкімдігінде, Президент әкімшілігінде қызмет атқарып, Петропавл әкімінің бірінші орынбасары болған және Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратын басқарған. Кейін «Қазақстан инжинирингте» жұмыс істеген.

2021 жылы Сәрсембаев индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2022 жылғы тамызға дейін атқарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий