«Тарихи мұра»: Ердоған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерекше жәдігер табыстады
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қасиетті тарихи-мәдени орында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Өзбекстан көшбасшысы Шавкат Мирзиёев болды.
Мәртебелі меймандар түркі әлемінің рухани символына айналған Қожа Ахмет Ясауидің және кесенеде жерленген өзге де тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті.
Президенттерге XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесене туралы мәлімет берілді. Тарихи кешен 35 бөлмеден тұрады. Ғимараттың ішкі биіктігі 39 метр болса, сыртқы биіктігі 41 метрге жетеді.
Қонақтар Тайқазан орналасқан орталық залды, қабірхананы және көне қола жәдігерлерді тамашалады. Сонымен қатар түркі-ислам әлемінің ойшылдары мен ақындарының сирек еңбектері қойылған көрме ұсынылды. Экспозицияда Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметі», Низамидің «Хамсасы», Науаидың ғазалдары, Фирдоусидің «Шахнамесі» және «Манас» эпосының үзінділері көрсетілді.
Сапар барысында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге ерекше сый тарту етті. Ол османдық атақты каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисари қолмен жазған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне табыстады.
Соңғы жаңалықтар