Тәртіп сақшысын қорқытқан астаналық жазаға тартылды

21.11.2025 16:38 Арман Ермеков
Тәртіп сақшысын қорқытқан астаналық жазаға тартылды
0
157
Фото: polisia.kz

Астанада қызмет бабындағы полиция қызметкеріне күш көрсетемін деп қорқытқан тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы елордалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Оқиға биылғы жаздың ортасында, 15 шілде күні болған. Іс материалдарына сүйенсек, полиция қызметкері «К.» есімді азаматқа тергеу амалдарын жалғастыру үшін бөлімшеге бару керектігін айтқан. Алайда, заңды талапқа бағынудың орнына, айыпталушы погон таққан қызметкерге дөкейлігін танытпақ болған. Ол полицейдің денсаулығына зиян келтіремін, күш қолданамын деп ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасаған.

Сот отырысында айыпталушының кінәсі жәбірленушінің куәлігімен және нақты айғақтармен толық дәлелденді. Сотталушы да жасаған ісіне шын жүректен өкініп, кінәсін толық мойындады.

Қызығы сол, айыпталушы жазадан жеңіл құтылуға тырысқан. Ол соттан өзін қамамауды, тек айыппұл салуды сұраған. Алайда мемлекеттік айыптаушы оның бостандығын шектеуді талап етті.

Нәтижесінде сот қылмыстың сипатын және айыпталушының бұрын сотталмағанын ескере келе, прокурордың сұрауын қанағаттандырды. Тәртіп сақшысын қорқытқан азамат 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын арқалады. Енді ол бір жыл бойы пробациялық бақылауда болады.

Үкім заңды күшіне енді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий