«Тәте, мен тұра алмаймын»: Бестеректегі оқиға туралы куәгер сұмдық жайттарды баяндады
Бестерек ауылында алты балаға көлікпен соқтығысу фактісі бойынша сот процесі жалғасуда. Қайғылы жол-көлік оқиғасы салдарынан 2 жастан 7 жасқа дейінгі төрт бала қаза тапқан. 9 желтоқсанда сотта айыпталушының жұбайы куә ретінде сұралды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Tengrinews.kz сайтының мәліметінше, айыптау актісіне сәйкес, ер адам рөлде келе жатып эпилепсиялық ұстамаға ұшырап, үй ауласындағы көшеде жүрген балаларды қағып кеткен. Оқиға кезінде оның жұбайы көлікте болған.
«Бет-әлпеті қарауытып кетті»
55 жастағы айыпталушының жұбайы сотта 19 тамыз күні Урджар ауылындағы туыстарында қонақта болып, сағат 16:00 шамасында Бестерекке жолға шыққанын айтты. Ол артқы орында отырғанын, ешқандай қауіп байқамағанын жеткізді.
«Жол бойы сөйлесіп келе жатқанбыз. Бір кезде көліктің тоқтап қалғанын сездім. Не болғанын сұрадым. Күйеуімнің жүзі өзгеріп кеткен, қап-қара болып, рөлді қатты қысып қалған», – деді куәгер.
Ол артқы орындықтан еңкейіп, көлікті өшіру үшін оталдыру кілтін бұруға тырысқан.
«„Кілтті бер, кілтті!“ деп айқайладым. Көлікті адам жоқ жаққа – бақшаға қарай бұруға талпындым, бірақ ұстап үлгермедім. Ол рөлді жібермеді. Жолда көлік те, техника да көрмедім, тек қоршаудың ар жағымен келе жатқан балаларды байқадым. Оларға барып соғамыз деп ойламадым. Көлік қоршауға соққанда есімнен танып қалдым», – деді ол.
Куәгердің айтуынша, соққыдан кейін ол көліктен шығып, күйеуінің әлі де өзіне келе алмай жатқанын көрген.
«Көліктен шыққанымда әріптесімнің үйінің алдында тұрғанымды түсіндім. Айқайлап, көмек шақырдым. Бір баланың үстіне қақпа құлап кеткенін көріп, оны шығарып алдым. „Тәте, мен тұра алмаймын“, – деді ол. Кейін көліктің ар жағынан қыз баланы көріп, тез жедел жәрдем шақыруларын сұрадым. Кейбір сәттер есімде, ал қалғаны тұманданып кеткендей», – деді куәгер.
Ол бәрі абыр-сабыр болып кеткенін, әріптесінің үйіне кіріп шыққанын, ал қайта оралғанда күйеуін полиция алып кеткенін айтты.
«Тергеушілерге оның ауырып тұрғанын, оған дәрігер көмегі қажет екенін түсіндіруге тырыстым, бірақ ешкім тыңдамады. Ол ішімдік те ішпейтін, темекі де шекпейтін. Мен оның жүрегі ұстап қалды деп ойладым», – деді ол.
«2019 жылға дейін автобус жүргізген»: отбасы эпилепсия диагнозынан хабарсыз екенін айтты
Прокурордың сұрағына жауап берген куәгер күйеуінің 2013 жылы инсульт алғанын, содан бері жүйелі тексеріліп, невропатологтың бақылауында болғанын айтты.
Оның сөзінше, эпилепсия диагнозы туралы отбасы алғаш рет екі жыл бұрын естіген.
«2019 жылға дейін ол автобустың жүргізушісі болып жұмыс істеді. Сол жылы сырқаты күшейгесін, рөлге отырмауын талап еттім. Эпилепсия диагнозы барын білмедік. Бізге ешкім айтпады. 2023 және 2024 жылдары Астанада профессорға қаралдық. Ол: „Эпилепсияны ойдан шығарыңыздар, сізде инсульт болған“, – деді», – деді айыпталушының жұбайы.
Оның айтуынша, күйеуінде есінен тану белгілері болмаған, бірақ кейде аяқ-қолында тырысулар байқалған.
Бұған дейін сотта айыпталушы да түсінік берген. Ол 2020 жылы жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін ХҚКО-ға барып, медициналық тексерістен еш қиындықсыз өткенін айтқан.
Соңғы жаңалықтар