"Тендер нәтижесіне ықпал етеміз": «ҚазАвтоЖол» маңызды ескерту жасады
Жол құрылысымен айналысатын мердігер ұйымдарға өздерін делдал ретінде таныстырып, тендер алып беруді уәде ететін алаяқтар көбейген. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Компанияның ескертуінше, белгісіз адамдар кәсіпкерлермен байланысқа шығып, ҚазАвтоЖолда таныстары бар екенін алға тартады. Олар белгілі бір сомаға жол жобаларын алуға, жұмыс көлемін бөлуге немесе сатып алу нәтижесіне ықпал етуге уәде беретін көрінеді. Тіпті жеке кездесулер ұйымдастырып, алдын ала ақша талап ететін жағдайлар да кездескен. Бұған қоса олар өз әрекеттерін компания басшылығымен келісілген деп жалған ақпарат таратады екен.
Ұлттық компания бұл тұлғалардың өздеріне ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді. Басшылық та, қызметкерлер де ешкімге делдал болуға немесе тендер нәтижесіне ықпал етуге өкілеттік бермеген. Барлық сатып алу рәсімі заңға сәйкес ашық өтеді және ақпарат тек мемлекеттік сатып алу веб-порталында жарияланады.
"Мұндай заңсыз әрекеттерге қатысу «мәселені шешіп беремін» деп ақша сұрайтын тұлғаларға ғана емес, бейресми келісімге келіскен, қаражат берген немесе заңды рәсімдерден тыс артықшылық алуға тырысқан тұлғаларға да ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін", — делінген ұлттық компания хабарламасында.
Қазіргі уақытта мекеменің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі осындай схемаларды анықтау бағытында жұмыс істеп жатыр. Құқықбұзушылық белгілері анықталған жағдайда барлық материал құзыретті органдарға жолданады. Егер мердігерлерге «көмек көрсетеміз», «жәрдемдесеміз», «мүддеңізді өткіземіз», «тендер нәтижесіне ықпал етеміз» немесе «жол жобасын ақшаға алып береміз» сияқты ұсыныс түссе, компания бұл туралы дереу хабарлауды сұрайды.
"Жол жобалары делдалдар, жеке келісімдер немесе алдын ала төлемдер арқылы бөлінбейді. Компания атынан «мәселені шешіп беремін» деген кез келген уәде – алаяқтық әрекет. Мұндай фактілер заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылады", — деп ескертеді «ҚазАвтоЖол» ҰК.
Соңғы жаңалықтар