Ғалым: Қандастарға "Сіздер дұрыс жасадыңыздар" деп айтуымыз керек

21.09.2026 12:18 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ғалым: Қандастарға
72
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек ашаршылық жылдарында шетелге ауа көшкен қазақтардың тарихи рөлі, елге оралған қандастардың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызы және кеңестік жүйенің қоғамдық санаға тигізген әсері туралы пікір білдірді. Сарапшы өз сөзінде тарихи көш-қон себептеріне тоқталып, ұлттық болмыс пен ер азаматтық түсініктің трансформациясы бойынша бірқатар өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ғалым Жүсіпбек бұл туралы "Мінбер" подкастында әңгімеледі. 

Зерттеуші 1930 жылдардағы нәубет кезінде шетелге қоныс аударған қазақтарды айыптаудың негізсіз екенін атап өтеді. Оның айтуынша, бұл әрекет – тоталитарлық жүйенің жою саясатынан ұрпақты аман алып қалу үшін жасалған табиғи қарсылық пен адамзат тарихындағы заңды көш-қон процесі.

«Менің ойымша, бұл – толықтай орынсыз. Тіпті оларды кінәлай бергенше, керісінше: "Сіздер дұрыс жасадыңыздар", – деп айтуымыз керек. Өйткені, жүйе сізді жоюды көздесе, өзіңіз бен отбасыңыз қырылатын жерде отыруға міндетті емессіздер. Мақсатын ашық жазып қоймағанмен, сізді, отбасыңызды, ауылыңызды, тіпті тұтас әулетіңізді жоюды көздесе, қарап отырмайсыз ғой. Адамда ерік-жігер бар, өз басын ғана емес, келешек ұрпағын ойлайды. Сондықтан ұрпақ амандығы үшін көшуге мәжбүр болады. Тіпті бұл – адамзат тарихында болған құбылыс. Адамзат тарихы осындай көш-қон оқиғаларынан тұрады. Қайсыбір халық белгілі бір жерде қырғынға ұшыраса, "Бізді қыра берсің, жойылып кетейік" деп қол қусырып отырмаған. Күрескен, ал күрестен нәтиже шықпаса, басқа жаққа ауа көшкен. Адамзат тарихы мұндай мысалдарға толы», – деді Ғалым Жүсіпбек.

Ғалым Жүсіпбек шетелдегі қазақтардың елге оралуын мемлекет үшін стратегиялық әрі мәдени жетістік ретінде бағалайды. Зерттеуші кеңестік режим тек физикалық емес, мәдени деформация тудырғанын, ал қандастар дәстүрлі асыл тұқымды мал шаруашылығы мен байырғы ұлттық танымды сақтап қалғанын баса айтты.

«Қазір "қандастар" немесе "оралмандар" деп айтып жүрміз ғой. Сол этникалық қазақтардың Қазақстанға оралуы – біз үшін өте үлкен табыс әрі үлкен жетістік болды. Себебі ашаршылық халықты тек физикалық тұрғыдан қырып қана қойған жоқ, сонымен бірге мәдени және әлеуметтік жағынан да жоюды көздеді. Олар біздің мәдениетімізді, тіпті Қазақстанда кездесе бермейтін асыл мал тұқымдары мен байырғы түсініктерімізді сақтап қалды», – деді ғалым.

Сонымен қатар сарапшы кеңестік кезден қалған криминалдық субкультураның қоғамдағы ер азаматтық түсінік пен маскулиндікке тигізген кері әсерін талдады. Оның сөзінше, әскердегі немесе тұрмыстағы «дедовщина» мен әлімжеттік сияқты құбылыстар дәстүрлі көшпелі қазақ мәдениетіне мүлдем жат.

«Мысалы, мына мәселені айта кетейін, бәлкім, бұл тақырыпты келешекте біреулер қозғай жатар, өйткені бұл – өте үлкен мәселе. Ер адам ретінде айтар болсам, Қазақстандағы қазақ ер азаматтарының маскулиндік түсінігі қатты өзгеріске ұшырады. Яғни "ер азамат болу деген не?" деген түсініктің мән-мағынасы өзгерді. Біз кеңес одағынан мирас болып қалған, яғни 1920-1930 жылдары қалыптаса бастаған криминалдық субкультураны қазақи маскулиндіктің белгісі ретінде қабылдап алдық. Бұл түсінік қандастар мен олардағы ер адамдарда жоқ. Мысалы, "дедовщина" деген ұғым қандастар арасында кездеспейді. Себебі ол – қазақ мәдениетіне, қазақтың көшпелі қоғамына жат нәрсе...» – деді ғалым.

Войдите, чтобы оставить комментарий