Жезқазғанда «Қазақмыс» өндірісті бір жерден бақылайтын орталық ашты

Жезқазғанда «Қазақмыс» өндірісті бір жерден бақылайтын орталық ашты
Фото: Қазақмыс

Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының өндіріс жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға арналған Бірыңғай диспетчерлік орталығы ашылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Компанияның мәліметінше, жаңа орталықтың ашылуына «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен қатысты.

Жаңа орталық тау-кен жұмыстары, кен байыту, теміржол тасымалы және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларын бір жүйеге біріктіреді. Енді өндірістегі негізгі көрсеткіштерді, жұмысшылар мен техниканың қай жерде жүргенін, сондай-ақ бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты бір жерден көруге болады. Жүйеде жасанды интеллект арқылы бейнежазбаларды талдау мүмкіндігі де қарастырылған.

Бұл өндірістегі жоспарланған жұмыс пен нақты нәтижені салыстыруға, техниканың не себепті тоқтап қалғанын анықтауға және қауіпті жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

«Біз үшін цифрландыру – ең алдымен, өндірістің тиімділігі мен жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыру құралы. Ең бастысы – деректерді жинаумен ғана шектелмей, ауытқуларды дер кезінде байқап, олардың себебін түсініп, тиісті шара қабылдау. Диспетчерлік орталық туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге және өндірістік тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Компанияның хабарлауынша, жоба Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында жүзеге асырылған. Ол «Қазақмыстың» өндірісті цифрландыруға бағытталған кешенді бағдарламасының бір бөлігі саналады.

Орталықтың ашылуына қатысқан Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мұндай технологиялар кәсіпорын жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, жұмысшылардың тұрмысына да оң әсер етуі керектігін айтты.

«Мемлекет басшысы алдымызға экономиканың барлық саласы мен еліміздің барлық өңірінде цифрландыруды дамыту міндетін қойып отыр. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының осы бағытта үлкен қадам жасағанын көріп отырмыз. Компанияның одан әрі дамуына, өндіріс тиімділігінің артуына және табысының өсуіне тілектеспін. Ең бастысы, бұл нәтиже әрбір кенші мен металлургтің тұрмыс сапасын арттырып, отбасыларының әл-ауқатына оң әсер етуі керек», – деді Есет Байкен.

Қазір «Қазақмыс» жерасты кеніштеріне интеллектуалды диспетчерлік жүйелерді кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы бейнебақылау деректерін талдау және өндірістегі қауіпсіздікті автоматты түрде бақылау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Мәселен, Жомарт кенішінде ауа құрамын тәулік бойы бақылауға арналған 40 бекеттен тұратын стационарлық жүйені іске қосу жоспарланған. Ал өздігінен жүретін тау-кен техникаларына қауіпті газдарды анықтап, жұмысшыларға дер кезінде ескерту беретін 62 газталдағыш орнатылған.

Бұдан бөлек, компания өндіріс орындарындағы сымсыз байланыс желісін кеңейтіп жатыр. Бүгінде үш өңірдегі 59 нысанға кіруді бірыңғай бақылау жүйесі енгізілген. Компьютерлік жабдықтарды жаңарту жұмыстары да жүргізілуде.

Компания жаңа диспетчерлік орталық өндірістегі мәселелерді жылдам анықтауға, шешім қабылдау уақытын қысқартуға және жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі деп есептейді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу