Тоғайда серуендеп жүріп ағаш астында қалған қыздың өмірі қыл үстінде тұр

03.07.2026 15:11 Қарақат АСЫЛОВА
Тоғайда серуендеп жүріп ағаш астында қалған қыздың өмірі қыл үстінде тұр
360
Фото: newtimes.kz

27 маусымда Алматыдағы Баума тоғайында 19 жастағы қыздың үстіне алып ағаш құлап, ауыр жарақат алған бойжеткен бір аптадан бері комада жатыр. Бұл туралы қыздың әпкесімен тілдескен NewTimes.kz агенттігі хабарлайды, деп жазады Politico.kz.

Жапа шегуші Селина Абитова қазір қаладағы №4 клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Соққының қатты болғаны соншалық, дәрігерлер миға түсетін қысымды азайтып, ісінудің алдын алу үшін оның бас сүйегінің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған. Бұған қоса бойжеткеннің аяғы мен жамбасы сынып, бауыры қатты зақымдалған.

Қыздың әпкесі Ясминнің айтуынша, сол күні Селина анасы және үш сіңлісімен тоғайда серуендеп жүрген. Бір сәтке шеттеп кеткен ол отбасына қайта орала бергенде, жақындарының көз алдында үстіне үлкен ағаш құлаған.

"Бәрі қас-қағым сәтте болды, анам ағаштың құлап келе жатқанын көргенде, Селина тек басын еңкейтіп үлгерді, сосын айнала шаң болып кетті, анам бірден жүгіріп барғанымен, ағаш әпкемді басып қалған еді", — деп еске алады Ясмин.

Жедел жәрдем оқиға орнына 10 минуттан кейін жеткен. Есінен танып қалған қыз сол күйі көзін ашпаған. Әпкесінің сөзіне қарағанда, дәрігерлер алғашқы алты күнде ешқандай болжам жасай алмаған. Тек жақында ғана оның қан қысымы мен гемоглобині реттеліп, қан құйылған. Қазір ісіну қаупі сейілгенімен, дәрігерлер жаңа гематомалардың пайда болуынан қауіптеніп отыр.

Қызылорда тумасы Селина соңғы бес жыл бойы Алматыда тұрып келген. Ол маркетинг мамандығы бойынша колледж бітіріп, сату менеджері болып жұмыс істеп жүрген. Сондай-ақ Мәскеудегі университеттердің бірінде психология факультетінде қашықтан оқып жатқан.

Желіде тараған "ағаш қатты желден құлады" деген ақпаратты жәбірленушінің әпкесі жоққа шығарды. Оның сөзіне қарағанда, жаңбыр мен жел оқиғадан кейін 10-15 минут өткен соң ғана басталған. Ясмин тоғайдағы және жалпы қаладағы қураған апатты ағаштар проблемасына биліктің назар аударғанын қалайды.

"Оқиға кезінде күн ашық, желсіз болды, анам мұны жақсы есіне сақтап қалған, біз үшін бұл ақпараттың бұрмаланбауы өте маңызды, біреулердің жоқ дауылды сылтауратып, жауапкершіліктен жалтарғанын қаламаймыз", — деді қыздың әпкесі.

Отбасы жауаптыларды анықтау мақсатында адвокат жалдаған. Заңгер мемлекеттік органдарға ресми сауалдар жолдап, жауап күтуде. Алдын ала болжам бойынша, жауапкершілік әкімдікке немесе тоғайды күтіп ұстауға жауапты мекемеге жүктелуі мүмкін. Құлаған ағаш сараптамаға жіберіліп, оның қорытындысы 7-10 күн ішінде дайын болады.

Алматы әкімдігі бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Ведомство Баума тоғайында ағаштардың құлау қаупі туралы ескерту тақтайшалары орнатылғанын еске салды. Биыл 2 мың апатты, қураған және ауру ағашты кесуге рұқсат берілген. Мердігер ұйым қазірдің өзінде мыңға жуық ағашты жинап шығарған, бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.

"Баума тоғайы 1877 жылы құрылған, осыған байланысты ағаштардың 70 пайыздан астамы шекті жасқа жеткен, табиғи қартаюға байланысты жекелеген ағаштардың, соның ішінде сырттай сау көрінетін ағаштардың да құлау қаупі сақталады, осыған орай басқарма жасыл желектерді үнемі тексеріп тұрады және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында апатты ағаштарды кесу шараларын қабылдайды", — делінген әкімдік ақпаратында.

Войдите, чтобы оставить комментарий