Толқын Забирова қаралы хабар айтты

14.08.2026 09:38 Мөлдір ҚАЙНАР
Толқын Забирова қаралы хабар айтты
543
Фото: коллаж sn.kz

Танымал әнші Толқын Забирова мектеп директоры, өнер жолында алғаш қолдау көрсеткен ұстазы Пернебек Момыновтың дүниеден өткенін айтып, қаралы хабарды жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм ұстазының өзіне жасаған қамқорлығы мен өміріне тигізген әсерін тебірене еске алды.

"Мектебімнің директоры, өнер жолымның алғашқы қадамдарына сенім білдірген аяулы ұстазым Момынов Пернебек Момынұлының дүниеден өткенін естіп, көңілім құлазып отыр. Ол кісі мектепке қабылдану мерзімінен кешігіп келгенімде, өнерімді тыңдап: «Мұндай қызға ешқандай емтиханның қажеті жоқ» деп, оқуға қабылдаған еді. Бұл – бала бойындағы талантты көре білген үлкен жүректің шешімі болатын", – деді әнші.

Сондай-ақ Толқын Забирова ұстазының интернатта жатып оқыған балаларға да ерекше қамқорлық танытып, демалыс күндері тауға, өзенге апаратынын атап өтті.

"Адамның тағдырын өзгерту үшін кейде бір ауыз жылы сөз, бір сәттік сенім жеткілікті. Ол кісі маған ең қымбат сый – мүмкіндік берді. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Сіз берген мүмкіндік – менің өмірімдегі өшпес аманат", – деп түйіндеді Толқын Забирова.

Войдите, чтобы оставить комментарий