Тоқаев 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салуды ұсынды

26.08.2026 20:18 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салуды ұсынды
190
Фото: Energyprom

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың психологиялық жағдайы мен цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект және агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымы мен мінез-құлқына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді. Осыған байланысты өскелең ұрпақтың психологиялық әл-ауқаты мен адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторына айналып отыр.

Президент 2018 жылы қабылданған балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заңды қайта қарау қажеттігін атап өтті.

«Үкімет әлеуметтік желілерде 16 жасқа толмаған пайдаланушыларды тіркеуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірледі. Ол маусым айында Парламентке енгізілді. Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарауды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұндай шараларды бірқатар дамыған елдер де қолға алып жатқанын атап өтті.

Тоқаевтың пікірінше, мемлекет балаларға төнетін қауіптің салдарын жоюмен ғана шектелмей, оның алдын алуға басымдық беруі керек. Президент бұл мәселені дер кезінде шешпеу қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Войдите, чтобы оставить комментарий