Тоқаев әлем біріншілігінде 11 медаль ұтқан дзюдошыларды құттықтады

24.08.2026 10:09 Әсел МҰРАТ
 Тоқаев әлем біріншілігінде 11 медаль ұтқан дзюдошыларды құттықтады
48
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық дзюдошыларды жастар арасындағы әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Тоқаев Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасын аралас командалық жарыстағы айтулы жеңісімен, ал Ғабит Расулханды, Фатима Сұпығалиеваны, Әділжан Жаудиновті жекелеген сында алтын медальға ие болуымен құттықтады.

Президент жас чемпиондардың спорттағы жолы жарқын болуына және жаңа биіктерді бағындыра беруіне тілекші екенін жеткізді.

«Қазақстандық дзюдошылар әлем біріншілігінде 4 алтын, 3 күміс және 4 қола – барлығы 11 медаль жеңіп алып, отандық дзюдо тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізді. Кеше кешкісін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен сөйлесті. Ұйым жетекшісі Мемлекет басшысын балуандарымыздың әлемдік жастар турниріндегі бұрын-соңды болмаған бірегей жеңісімен құттықтады», – деп жазды Ақорда.

Президент Қазақстанның Туризм және спорт министрлігімен, сондай-ақ ұлттық федерациямен сындарлы ынтымақтастық орнатқаны үшін халықаралық ұйымның басшысына ризашылығын білдіріп, соның нәтижесінде елімізде дзюдо күресі кеңінен дамып келе жатқанына тоқталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий