Тоқаев Еуроодақпен виза режимін жеңілдету және жаңа жобалар туралы мәлімдеді

23.06.2026 19:44 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев Еуроодақпен виза режимін жеңілдету және жаңа жобалар туралы мәлімдеді
51
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақпен көлік-логистика байланыстарын нығайтып, визалық режимді жеңілдетуге қатысты маңызды келісімдер туралы айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы ең алдымен Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен Еуропаның Global Gateway бастамасын біріктірудің маңызына назар аударды. Сонымен қатар ол Қазақстандағы аса маңызды шикізат қорлары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді. Осы орайда еліміз өңдеу өнеркәсібі мен технология саласына еуропалық инвестицияларды тартуға, сондай-ақ энергетика, атом өнеркәсібі, цифрлық трансформация мен ауыл шаруашылығы мәселелерінде байланысты арттыруға мүдделі екенін растады.

Президенттің сөзіне қарағанда білім, ғылым және мәдениет саласындағы қарым-қатынасты дамыту да басты назарда. Бұған қоса ол Еуроодақпен визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің аяқталғанына ерекше ризашылығын білдірді. Тоқаев еуропалық тарапқа Қазақстандағы саяси жаңғыруларды қолдап, озық тәжірибелерімен бөлісуге әзірлігі үшін алғыс айтты.

«Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да білім беру мен зерттеу бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын жоғары бағалайды. Біз алдағы уақытта да еліміздің университеттері мен еуропалық жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке қолдау көрсетеміз. Қазақстан Horizon Europe бағдарламасы аясындағы қауымдастырылған ел мәртебесін иеленуге ниетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Президент өңіраралық серіктестікті бекітетін «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» диалог платформасының ерекше рөл атқаратынын еске салды.

Войдите, чтобы оставить комментарий