Тоқаев Иордания королін ерекше марапатпен қарсы алды

Тоқаев Иордания королін ерекше марапатпен қарсы алды
Фото: Ақорда

Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания королі Абдалла II бен әл-Хусейн Ақордада салтанатты түрде қарсы алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды қарсы алып, екі ел делегацияларының мүшелерін таныстырды.

Салтанатты рәсім барысында президенттік оркестр Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік әнұрандарын орындады. Сонымен қатар, Ақорда үстінен екі елдің туын алып әскери тікұшақтар ұшып өтті.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абдалла II екіжақты келіссөз өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Тоқаев Иорданияны Қазақстанның араб әлеміндегі сенімді серіктесі деп атап, екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ сауда, инвестиция, ғылым, білім беру, туризм және технология салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға назар аударды.

Кездесуде Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері де сөз болды. Мемлекет басшысы Абдалла II-нің аймақтағы тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Қазақстанның Орталық Азияда алғаш рет өтетін «Ақаба процесі» кездесуіне қосалқы ұйымдастырушы болатынын жеткізді. Жиын жасанды интеллект қауіпсіздігі мәселелеріне арналмақ.

Өз кезегінде Иордания королі Қазақстанға көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы сауда, инвестиция, туризм, технология және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Кездесу соңында мемлекет басшылары бір-біріне мемлекеттік наградалар табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев Абдалла II-ге екі ел арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Al-Farabi орденін тапсырды. Иордания королі бұл награданың алғашқы иегері атанды.

Ал Абдалла II Қазақстан президентіне Иорданияның ең жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденін табыстады. Тоқаев бұл марапатты екі халық арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп атады.

Айта кетейік, al-Hussain ibn Ali ордені 1949 жылы Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің құрметіне тағайындалған. Бұл марапат ерекше құрмет пен жоғары саяси сенімнің белгісі ретінде беріледі.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу