Ақын Ербол Бықыбаев ұсталды - заңгер

Ақын Ербол Бықыбаев ұсталды - заңгер
Фото: instagram.com/bykybaev1

Қоғамдағы өткір мәселелерді өлеңіне арқау етіп жүрген ақын Ербол Бықыбаев Таразда ұсталды деген ақпарат шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Заңгер Дәулетхан Ахметовтің мәліметінше, ақын терроризмді насихаттады деген күдікке ілінген.

Заңгердің айтуынша, Ербол Бықыбаев Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке ілінген. Бұл бап бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық-телекоммуникациялық желілер арқылы терроризмді насихаттағаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Аталған бап бойынша кінәсі дәлелденген адам 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дәулетхан Ахметов ақынның ұсталуына әлеуметтік желіде тараған видео себеп болуы мүмкін деп болжайды. Оның айтуынша, Бықыбаев сол видеода Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізетін адамдарды қатаң сынаған.

Дегенмен ақынның нақты қандай сөзі қылмыстық іске негіз болғаны әзірге белгісіз. Politico.kz бүгін таңертең Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдаған еді. Алайда осы уақытқа дейін жауап алған жоқпыз.

Ербол Бықыбаев әлеуметтік желіде қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған өлеңдерімен және пікірлерімен танылған. Әсіресе, Талғарда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты шығармалары көпшіліктің назарын аударған.

Ақынның Шерзат Полатқа арнап жазған «Қарабет» атты өлеңі әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу