Тоқаев Иранның бауырлас елді бомбалауына алаңдаушылық білдірді

23.03.2026 16:18 Арман Ермеков
Тоқаев Иранның бауырлас елді бомбалауына алаңдаушылық білдірді
296
Фото: TACC

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдап, Иран тарапының олардың аумағын бомбалап жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесу барысында Президент екі ел арасындағы бауырластық байланыстарды дамытуға ниетті екенін жеткізіп, халықаралық мәселелердегі ұстанымдардың ұқсастығына назар аударды. Азаматтық инфрақұрылымға жасалған әскери шабуылды Қазақстан алғашқылардың бірі болып айыптағанын еске салған Мемлекет басшысы бұл туралы Әмірліктердің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлескенде мәлімдегенін айтты.

Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың бейтарап мемлекеттерге зиянын тигізуіне қарсы екенін білдіріп, қақтығысқа қатысы жоқ Шығанақ елдерінің егемендігін бұзбауға шақырды. Шиеленісті тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігін алға тартқан Тоқаев қажет болған жағдайда бейбіт келіссөздер өткізу үшін еліміздің алаң ұсынуға дайын екенін растады.

Өз кезегінде елші Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанып жатқанына ерекше тоқталды. Ол Әмірліктер мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне қатысушы барлық елдің егемендігіне, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий