Тоқаев мемлекет қаражатына телмірген спорт басшыларын сынға алды

Президент спорт федерацияларының басшыларын қатаң сынға алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Астана. 17 қазан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтау салтанатында сөйлеген сөзінде спорт федерацияларының басшыларын қатаң сынға алды. Президент спортты дамытуға жауапты басшылардың жұмысын қатты сынға алып, бұл мәселені Президент Әкімшілігіне тексеруді тапсырды.
Мемлекет басшысы алдымен құтқарушылардың еңбегін жоғары бағалап, олардың жастарға үлгі болуы керектігін атап өтті. Осы ойын жалғай келе, Төтенше жағдайлар министрлігіне спорт федерацияларымен белсенді жұмыс істеуді ұсынды да, федерациялардың қазіргі жай-күйіне тоқталды.
«Оқу орындарына Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің бейресми қамқорлық көрсету тәжірибесін белсенді түрде енгізген дұрыс. Құтқарушылар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар мен жастар арасында спортты дәріптеуге зор үлес қоса алады. Бұл – шын мәнінде стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі жаһандық өзгерістер заманында ұлт сапасына тікелей әсер ететін жағдай. Осы бағытта Төтенше жағдайлар министрлігі спорт федерацияларымен өзара байланыс орнатып, белсенді жұмыс істегені жөн. Жалпы, бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналып кетті. Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері және мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр. Бірақ ашығын айтуымыз керек, кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін «жарнамалау» құралы ретінде көреді, яғни спорттың мәнісіне терең бойламайды. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігіне тапсырамын», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы спортқа қолдау көрсетуді жеке атақ-абыройды асқақтату емес, құрметті қоғaмдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік ретінде қарастыру керектігін ескертті.
Ел ішінде және шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін федерация басқару дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты. Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерацияларының арасында тең құқылы диалог өрбіп, міндеттері мен құзыреттері нақты айқындалған ынтымақтастық жолға қойылуға тиіс. Кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру – мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы. Мен бұған ерекше мән беремін. Өткен аптада экономикалық ахуалға қатысты арнайы жиын өткіздім. Онда еліміздегі бизнесті дамыту мәселелері қарастырылды. Кеше Премьер-министрге берген тапсырмамда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тағы да баса назар аудардым. Қазір бірқатар спорт федерациясына бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны келе бастады. Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді. Қазірдің өзінде жұмысқа жауапкершілікпен қарап, маңызды жеңіске қол жеткізуге бар ынтасымен ұмтылатындарын байқап отырмыз», – деді Президент.
Естеріңізге сала кетейік, бұл өткір сын құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтау және оларға мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімі кезінде айтылды. Салтанатты жиында қызметтік борышын адал атқарғаны үшін жалпы 30 азамат марапатталды. Олардың үшеуі «Айбын» орденімен, бесеуі «Құрмет» орденімен, 13 маман «Ерлігі үшін» медалімен және 9 адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Соңғы жаңалықтар





